«Қазіргі кезде қазақ жеріне қатысты мәселе қоғамымызда қызу талқыланып жатқаны белгілі. Мемлекет басшысы бүгін өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІV сессиясы барысында бұл жөніндегі берік байламын білдірді. «Жер - ата-бабамыздан бізге мирас болып қалған ең басты қазынамыз, ұлтымыздың ұлы байлығы. Қазақтың даласы - халықтың меншігі» деп түйіндеген Президент пікірі көптің көңіліндегі түйткілді тарқатып, күмәнді сейілткендей.
Ел мен жер ұғымын ешқашан бөле-жара қарамайтын Елбасының бұл тақырыпта сөз сабақтауы, әрине, бірінші рет емес. Осы орайда Фейсбук пайдаланушылары назарына Нұрсұлтан Әбішұлының қазақ жері туралы түрлі кездерде айтқан қанатты сөздерінің топтамасын ұсынып отырмыз», делінген хабарламада.
***Қасиетті қазақ жері - ата-бабаларымыздың даңқты тарихын атының тұяғымен жазып кеткен жер.
***Қазақ даласы - Ұлы Түркі елінің қара шаңырағы.
***«Көшпелілер» мал жайып өткен жерінің бәрін өздерінікі санай берген» дейтін сандырақты ғылыми тұрғыдан әшкерелеу шарт.
***Мемлекетіміздің діңгегі - қазақ халқы. Ел де, жер де - қазақтікі. Ел болудың ұяты да - біздің жұрттың мойнында.
***Жер жақындығы тағдырың мен тарихыңды жақындастырмай қоймайды. Жер тағдыры - ел тағдыры.
***Жер абаттанса, ел абаттанады.
***Қазақтың кең байтақ жерінде аңызға айналмаған тұс тіпті аз, бәрі де қастерлі өлке, қасиетті мекен.
***Жерден өткен байлық жоқ: жер болса - ел болады, ел болса - ер болады.
***Құдай қазаққа қырын қарамаған: пейіліне сай етіп ұлан-ғайыр жер берген, асты-үстін толтырып кен берген, мейірбан, ақ көңіл, адал ел берген, жаны үшін малын, ары үшін жанын садаға ететін ер берген.
***Қазақтың қасиетті жерінің асты да - байлық, үсті де - байлық.
***Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып-көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа!