«Биыл елордамыз Астана қаласында өтеді деп жоспарлап отырған концертіміз Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналып, «Ұлы дала мұраты» жобасы аясында өрбиді. Қазіргі уақытта Құрманғазы оркестрінде 81 әртіс қызмет жасайды және дирижеріміз бар», - деді ол.
Сонымен қатар ол ағымдағы жылы академик Ахмет Жұбановтың 110 жылдық мерейтойы өтетіндігін әрі оның шығармашылығы оркестр тарапынан жан-жақты насихатталатындығын атап өтті.
«2016 жылға арналған жоспарымызда Қазақстанның 4 облысында концерт беру жоспарланған. Соның алғашқысы елордада өтпек», - деді Н.Дауешов.
Оның атап өтуінше, 82 жылдық тарихи бар оркестрдің репертуарында 4 мыңнан астам туынды бар. Соңғы жылдардың ішінде ғана оркестр репертуары 100-ден астам жаңа туындымен толыққан. Олардың қатарында ұлттық төл туындыларымызбен қатар әлемдік классикалық шығармалар да бар.
«Жалпы оркестріміздің алға қойған мақсаты - жыл сайын 100 концерт және оған 30 мың көрермен жинау. Мұны біз жүзеге асырып келе жатырмыз деп те айта аламыз», - деді ол.
ҚазАқпарат