Қазақстандық жас скрипкашының өнері халықаралық байқаудың қазылар алқасын тамсандырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандық жас скрипкашының өнері халықаралық байқаудың қазылар алқасын тамсандырды

16.05.2016
Қазақстандық жас скрипкашының өнері халықаралық байқаудың қазылар алқасын тамсандырды

Скрипка сазы әлеміндегі беделді жарысқа Қазақ ұлттық өнер университеті колледжінің студенттері Ақбике Алғи, Жібек Мусургалиева және Индира Нұрлыбайқызы қатысты, деп хабарлайды Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.

Негізі 1995 жылы қаланған Халықаралық скрипкашылар байқауы үш жылда бір рет Ресей Халық әртісі, Кельндегі (Германия) Жоғары музыка мектебінің, Цюрих (Швейцария) Жоғары музыка мектебінің, Мадридтегі (Испания) София королевасы атындағы Корольдік Жоғары музыка мектебінің профессоры Захар Нухимович Бронның төрағалығымен өтеді.

Сонымен қатар. қазылар алқасының құрамы түрлі мемлекеттердің жоғары музыкалық оқу орындарының профессорлары болып табылатын жоғары білікті мамандардан құрылған.

Халықаралық байқаудың отыз төрт қатысушысы әлемнің түкпір-түкпіріндегі мемлекеттерден – Австрия, Әзірбайжан, Гонконг, Жапония, Корея, Литва, Ресей, Ұлыбритания, Чехия, Швеция, Ямайка – жиналды.

Үш кезеңнен тұратын байқауда әрбір қатысушы көне соната, Паганини каприсін, виртуозды пьеса және музыканттың қалауы бойынша пьеса орындауда өзара бақ сынасты.

Әр қатысушы туған өлке композиторының пьесасын да орындады. Корей, чех, әзірбайжан, жапон композиторларының туындылары өте сазды және қызықты болды. Дегенмен, скрипка орындауындағы Құрманғазы, Сағатов, Коган шығармалары айрықша өзгеше болып естілгендігі сөзсіз. 

І турдан кейін орындаушылардың үздік бестігі анықталды. Олардың қатарына қазақстандық музыкант Ақбике Алғи да енді. Қазылар алқасы оның орындаушылық өнеріне тамсанып, скрипкада орындау шеберлігінің тереңдігі және эмоционалдығына, материалды көрсетудегі ойшылдығына ерекше тоқталып өтті.

Гамбург музыкалық университетінің профессоры Михаэль Стрихарж жас қазақстандықтың дарынына жоғары баға берді: «Ақбике біртума дарынның иесі. Өз ойынын ерекше сезетін және тамсандыратын бұндай музыканттар тыңдарманның есінде ұзаққа сақталып қалады. Мені Еуропадағы Г. Телеман атындағы Халықаралық скрипкашылардың байқауына жиі шақырады және мен бұл композитордың шығармаларын орындаудың сан түрлі нұсқаларын естідім. Алайда, композитордың ерекше өнері мен заманын бұл сияқты керемет жеткізу әдісін мен бұрын ешқашан кездестірмеппін. Көне музыканы бұлай керемет жеткізу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Осы себеппен мен Ақбикенің өнеріне тамсанып отырмын» деген ойымен бөлісті профессор.

Екінші жүлденің лауреаты атанған А. Алғи профессор З. Н. Бронның үстіміздегі жылдың  1 және 14 тамыз аралығында Зальцбург (Австрия) және күзде Цюрихте (Швейцария) өтетін шеберлік сыныптарына қатысуға шақыру алды.

Сондай-ақ қазылар алқасы ғажайып жүзеге асырылған оқытушылық жұмыс, Қазақ ұлттық өнер университетінің жалпы кәсіби біліктілігі, университеттің білікті скрипка мектебінің жұмысына жоғары баға берді.

 

Хабарламаларға жазылу