Мәскеуде қазақ күресі бойынша турнир өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәскеуде қазақ күресі бойынша турнир өтті

17.05.2016
Мәскеуде қазақ күресі бойынша турнир өтті

Ұйымдастырушылар - Ресей өңірлеріндегі ұлттық-мәдени бірлестіктердің қолдауымен РФ-дағы Қазақстан Республикасының елшілігі мен консулдық мекемесі, сондай-ақ Мәскеу Қазақ күресі федерациясы және Қазақстан Республикасы Қазақ күресі федерациясы.
Республикалық федерация турнирге өз судьялары Қуаныш Нәдіровті (ҚР Ұлттық санаттағы судья, өтілі 11 жыл, ҚР чемпионаты мен кубогында қызмет етті) және Дархан Жоламановты (бірінші санаттағы судья, ҚР чемпионаттарында, халықаралық турнирлерге төрешілік етті) жіберді. Турнирдің бас судьясы Мәскеу қаласындағы Федерация президенті Владимир Резанов.
Жарысқа Ресейдегі қазақ диаспорасының өкілдері, Мәскеу мен Санкт-Петербург ЖОО-ларында білім алатын қазақстандық және ресейлік студенттер қатысты. Олар Қазақстан жастар Альянсы, Ресейдегі қазақстандық студенттер бірлестігі, Бауман атындағы ММТУ командасы және Түмендегі қазақ диаспорасының командасы болып төрт командаға бөлінді.
Регламентке сәйкес, айқасқа 60 келіге дейін, 66 келіге дейін, 74 келіге дейін, 82 келіге дейін, 90 келіге дейін, 100 келіге дейін, 100-ден асатын салмақ санаттары бойынша 18 жасқа дейінгі палуандар қатысты.
Турнир жеңімпазы Бауман атындағы ММТУ командасы болды. Палуандар басқа да жүлдегерлермен бірге кубок, медаль, бағалы жүлделермен марапатталды.
Жарыс шетелде қазақ халқы мәдениеті мен дәстүрлерінің маңызды бөлігі ретінде салауатты өмір салтын қолдау, бұқара спортты дамыту, Қазақстан ұлттық спорт түрлерін насихаттау мақсатында Ресейдегі отандастарға арналып ұйымдастырылды.

 

Хабарламаларға жазылу