Алматыда мамыр айының 29-30 күндері тағыда нөсер жауын жауады. Бұл туралы бүгін Алматыда жауын-шашын салдарын жою жұмыстарына байланысты өткен баспасөз мәслихаты барысында «Қазгидромет» РМК гидроболжам бөлімінің басшысы Лидия Никифорова мәлім етті.
Оның айтуынша, Алматыда маусым айында мамыр айына қарағанда жауын-шашын аз болады. Ұзақ мерзімді болжам бойынша жаз айының алғашқы айында жауын-шашынның мөлшері 45-60 мм. құрайды. Таулы аймақтарда жаңбыр көбірек жауады деп күтілуде.
«Енді Алматыда алдағы бірнеше күн бойы жаңбыр болмайды. Ауа температурасы 18 градустан 25 градусқа дейін көтеріледі деп күтілуде. Дегенмен, 29-30-шы мамыр аралығында Алматыда тағы да нөсер жауын жауады», - деді Л. Никифорова.
Сонымен қатар, оның айтуынша, Алматыда мұндай толассыз жауған жаңбыр соңғы 25-30 жыл ішінде болмаған екен.
«Егер сәуір айында жауын-шашынның мөлшері әдеттегі нормадан жоғары болғанын ескерсек, мұны шынында да төтенше экстремалды жағдай деп бағалауға болады. Бұл сирек болса да кездесіп тұратын табиғи ауытқыма құбылыс. Бұның басқа себептері жоқ. Мысалы, зымыранның ұшырылуы мұндай құбылыстарға әкеп соқпайды. Бұл өзі табиғи құбылыс. 2015 жылы Қарағанды облысында да жайылма сел болды емес пе!? Міне, бұл да сондай құбылыс», - деді синоптик.
Айта кетелік, Алматыда 16 мамырдан бастап бірнеше күн бойы толассыз жаңбыр жауды. Соның салдарынан қалада аулалар мен жолдарды су басты. Кейбір аудандарда лай көшкіні орын алды. 16 мамырда «Жібек жолы» метробекетінің вестибюлін де су басты.
Барлығы 127 жеке тұрғын үй мен аулалық аумақтар су астында қалды.