Жер реформасы бойынша республикалық комиссия жанындағы Ақпараттық топқа қоғам қайраткері Мұрат Әбенов жетекшілік етеді.
Атап айтқанда, ақпарат беру және комиссия жұмысы шешімдерін түсіндіру бойынша қоғаммен жұмыс жүргізу тобының мүшелігіне өз еріктерімен 16 адам ұсынылды. Комиссия отырысы барысындағы талқылау барысында Мұрат Әбенов осы топты жетекшілік етуге бекітілді.
«Өткенде бірінші отырыстан кейін қоғамда осы мәселе кеңінен талқыланды. Менің ойымша, жалпы топтың атауын қоғаммен байланысу немесе комиссияның жұмысын ақпараттандыру деп нақтылау керек. Ал ақпараттық түсіндіру тобы деп аталса, онда бүкіл комиссия тек бұрын қабылданған нормаларды тсіндіріп, соны қалай болса да өткізу деп қабылдауда. Сондықтан Қоғаммен байланысу және комиссияның жұмысын ақпараттандыру деп аталғаны дұрыс деп есептеймін»,-деді М. Әбенов.
Осы ретте талқылау барысында топтың атауын өзгертуге қатысушылар келісім берді.