Мысыр билігі қазақстандықтарға 70 пайыздық ерекше жеңілдік жасады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мысыр билігі қазақстандықтарға 70 пайыздық ерекше жеңілдік жасады

21.05.2016
Мысыр билігі қазақстандықтарға 70 пайыздық ерекше жеңілдік жасады

Енді қазақстандықтар Мысырға 70% жеңілдікпен сапарлай алады. Бұл туралы Алматыда өткен баспасөз мәжілісінде Қазақстандағы Мысыр елшісі Хемдан Ибрагим мәлім етті.

«Мұндай жеңілдікті тек Қазақстан үшін ғана жасап отырмыз. Шамамен айтқанда, Мысырға жолдама 500 доллар тұратын болса, қазақстандықтарға ол 150 долларға түседі», – деп атап өтті Мысыр елшілігінің мәдениет және білім жөніндегі өкілі Хемдан Ибрахим.

Алматыда өткен баспасөз мәжілісінде Оңтүстік Синай (Мысыр) және Алматы облысы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Өкілдің айтуынша, қазір Мысырда бәрі ойдағыдай, жуырда сапарлаған қазақстандықтар елдеріне аман-есен оралды.

Алайда, 19 мамырда БАҚ-та мысырлық ұшақтың құлағаны туралы ақпарат пайда болды. Шетелдік басылымдардың мәліметі бойынша, А320 әуе кемесі Жерорта теңізіне құлаған.

Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылы мысырлық ұшақтар бірнеше рет апатқа ұшарап, осыдан соң Мысырға туристік сапарлар уақытша тоқтатылған болатын.

Хабарламаларға жазылу