Толассыз жауын атыраулықтарды әбігерге салды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Толассыз жауын атыраулықтарды әбігерге салды

21.05.2016
Толассыз жауын атыраулықтарды әбігерге салды

Атырауда жауын суынан жарамсыз күйге түскен 62 үй бар. Баспанасы тұруға жарамсыз отбасының бірі – Ұлы Отан соғысы ардагерінің ұлы, ІІ топ мүгедегі Жауынбай Өтеғалиевтің отбасы. Олар жұбайы және екі қызымен бірге су басқан үйде тұрып жатыр.

Өтеғалиевтердің баспанасын су басқалы екі апта болды. Не отыратын, не жататын жер жоқ. Үй иелері алғашында суды өз күшімізбен тасып шығарамыз деп ойлапты. Шелектеп тасығанмен еш нәтиже болмаған.

Жауынбай Өтеғалиев жұбайы және екі қызымен бір ғана жұмсақ жиһазда кезектесіп ұйықтауға мәжбүр. Үй ішіндегі барлық заттар суда қалған.

Олар күні бойы үй ішінде де резеңке етік киіп жүреді. Жергілікті билік пен төтенше жағдай қызметкерлеріне қанша барғанымен уәкілетті орган өкілдері әлі көмек қолын созбапты.

«Мамыр басталғалы көргеніміз осы. Қалалық әкімдікке, Атырау су арнасы мекемесіне бардым. Әкімдікке барғанда сауалнама толтыртып, алып қалды. Сіздің алдыңызда 300-ден астам арыз бар, сізге кезек келгенде барамыз деп шығарып тастады», - дейді отағасы Жауынбай Өтеғалиев.

Мүмкіндігі шектеулі жан су соратын арнайы техника келгенше жауын суының салдарынан үйдің төбесі ортасына түсе ме деп қорқады.

Хабарламаларға жазылу