Бүгін Астанадағы «Барыс Арена» спорт кешенінде қыздар арасындағы бокстан Әлем чемпионатының ширек финалдық ойындары басталады.
Күндізгі сессияның «А» рингінде Назым Қызайбай (48 келі), Айжан Қожабекова (57 келі), Зарина Цолоева (64 келі), Валентина Хальзова (69 келі) және Ләззат Күнгебаева (+81 келі) жұдырықтасады. Ал, Дина Жоламан (54 келі) «В» рингте шаршы алаңға шығады.
Виолетта Князева (75 келі) кешкі сессияның «А» рингінде, Жайна Шекербекова (51 келі) «В» рингінде сынға түседі.
Айта кетейік, бұл Әлем чемпионатында Рио Олимпиадасына 12 жолдама сарапқа салынады. Яғни, Олимпиада салмағына енген 51, 60 және 75 келіде жартылай финалға шыққан боксшыларға Олимпиадаға жолдама беріледі.
Айта кетейік, ширек финалдың күндізгі сессиясын «Kazsport» телеарнасы сағат 13:40-та, ал, кешкі сессияны 18:40-тан бастап тікелей эфирде көрсетеді.
Ал, финалдық бәсекені 27 мамыр күні сағат 14:45-те «Қазақстан» Ұлттық телеарнасынан тамашалай аласыздар.