Ұлттық арнаның «Сәлем, Қазақстан!» жобасы аясында бүгін «Қазмедиа» орталығында әнші, сазгер Роза Әлқожаның концерті өтті. Бұл - әншінің елорда төріндегі екінші кеші.
Кеште өнер иесінің орындауында жаңа туындылардың тұсауы кесіліп, халық құлағына сіңген танымал әндері орындалды. Інісі, өнердегі шәкірті Әбдіжаппар Әлқожамен «Қазақия» және Бауыржан Әлқожаның сөзіне жазылған «Әпке» әнін, әнші Еркін Нұржановпен «Мен сыйға тартқан орамал» әнін дуэт болып шырқады.
Сондай-ақ, гитарамен Мақсат Қайырбектің сөзіне жазылған Серік Бабаханның «Менің қос бәйтерегім» әнін орындады.
«Жүрекке сыймаған шексіз сағыныш саз болып төгіледі екен. Ең алғашқы әнім атама деген сағыныштан туған еді. Ата-әженің бауырында өскен қызбын. Содан да болар, қайда жүрсем де «Мен сізді жақсы көріп тыңдаймын» деген сөзден гөрі, «Сізді анам жақсы көреді» дегенді жиі естимін. Менің тыңдармандарым - ақ жүректі, ақ жаулықты аналар», дейді әнші.
«Жұлдызды караоке» айдарында өнер иесі залдағы тыңдармандарымен өзінің репертуарындағы «Жүрек назы» әнін қосыла шырқап, жобаның «Ашық микрофон» айдары бойынша сан түрлі сұрақтарға жауап берді. «Папарацци» айдарында көпшілік сахна жұлдызының тосыннан түсірілген, сахнадан тыс өміріндегі суреттерін тамашалады.
Халыққа ақын, сазгер ретінде де танымал өнер жұлдызы кеш соңында әнсүйер қауыммен тағы бір мәрте табыстырған Ұлттық арна ұжымына алғысын білдірді.