Қазақстан ғылыми-техникалық прогрестің жетістіктері негізінде өмір сүретін елге айналады - Н.Назарбаев - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан ғылыми-техникалық прогрестің жетістіктері негізінде өмір сүретін елге айналады - Н.Назарбаев

26.05.2016
Қазақстан ғылыми-техникалық прогрестің жетістіктері негізінде өмір сүретін елге айналады - Н.Назарбаев

Қазақстан ғылыми-техникалық прогрестің жетістіктері негізінде өмір сүретін елге айналады. Бүгін Астана экономикалық форумының жалпы отырысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті.

«Бүгін профессор Джеффри Сак Колумбияның инфляцияны қалай еңсергенін айтты. 1994 жылы Қазақстанда жылдық инфляция 2150 пайызды құрады. Міне біз осыдан бастап, сондай кедейшіліктен бүгінгі күнгі орташа бақуатты мемлекеттің қатарына жеттік. Меніңше, бұл ең басты жетістік», - деді ҚР Президенті отырыс модераторы Хэмиш МакРейдің сауалына орай.

Сонымен қатар Елбасы осы жылдардың ішінде 100-ден астам этнос  пен ондаған дін өкілдері тұратын елімізде бейбітшілік пен тұрақтылықтың да сақталып келе жатқандығын баса айтты.

«Олардың барлығы да Қазақстан азаматтары және олар бірлесіп, осы мемлекетті құрды. Джек Ма мырза (Алибаба компаниясының негізін қалаушы) 17 жылдың ішінде Алибабаны дамытудың керемет тарихын айтып берді. Ал мен 17 жылдың ішінде өздеріңіз көріп отырған осы елордамызды іргетасынан бастап салдырдым», - деді Мемлекет басшысы.

ҚР Президенті алдағы 20 жылдың ішінде Қазақстанның барынша гүлденген мемлекетке айналатындығына және 2050 жылға қарай әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіретіндігіне сенімді екендігін атап өтті.

«Сол кезде  елде өз өміріне көңілі толатын адамдар өмір сүретін болады. Қазақстан өзінің азаматтарын және бізге келушілерге үздік жағдай жасайды. Олар білімді адамдар болады, қажетті тілдерді меңгереді. Біздің еліміз ғылыми-техникалық прогрестің, яғни инновацияның жетістіктері негізінде өмір сүретін елге айналады. Менің ойым осы», - деді ҚР Президенті.

Хабарламаларға жазылу