Британияның беделді Guardian басылымы дау-дамайдың ортасында қалды. Журналист Джозеф Мейтон жеті жыл бойы жариялаған мақалалары мен сұхбаттарын ойдан құрастырып келген. Басылым бетіне шыққан мақалалардың кейбір кейіпкерлері Мейтонды мүлде танымайтын болып шықты. Газет өкілдері істің анық-қанығына көз жеткізу үшін қарамағындағы қызметкеріне қатысты тергеу бастаған.
Мейтонға қатысты тергеу жарты жылға созылды. Guardian америкалық бөлімінің басшысы Ли Глендайнингтің айтуынша, журналист басылымдағы қызметін 2009 жылы фрилансер ретінде бастапты. Ақпан айында басылым бетіне шыққан бірнеше спикер редакцияға хабарласып, Мейтонға сұхбат бермегенін айтқан.
Жеті жыл ішінде Guardian басылымында Мейтонның 64 мақаласы жарық көрді. Материалдардағы деректердің нақтылығын арнайы сарапшы тексеріп отырған. Тергеу нәтижесінде Мейтонның 13 мақаласы газет сайтынан мүлде алынып тасталса, қалғандарына түзету енгізіліп, қайта өңделді.
Дей тұрғанмен, Мейтон өзіне тағылған айыпты мойындамай, диктофондағы жазбалары мен спикерлерімен жазысқан хаттарын көрсетуден бас тартты. Тілшінің жауапкершілікке тартылатын-тартылмайтыны туралы ақпарат жоқ. Ал басылым өкілдері келеңсіз оқиға үшін оқырмандарынан кешірім сұрап, болашақта журналистердің мақалаларына бұдан да мұқият қарауға уәде етті.