Астанада Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне құрмет көрсету салтанаты өтуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне құрмет көрсету салтанаты өтуде

26.08.2016
Астанада Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне құрмет көрсету салтанаты өтуде

ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов өзінің Twitter-аккаунтында олимпиадашылармен салтанатты кездесу туралы жазба қалдырды, деп хабарлады Pm.kz

Олимпиадашыларды құрметтеп жатырмыз!

Алға #KAZ! #Тәуелсіздікке25жыл #25летНезависимости

Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ХХХІ жазғы Олимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдергерлеріне мерекелік құрмет көрсету шарасы басталды.

Олимпиада-2016 ойындарына қатысқан қазақстандық спортшылар кабриолетпен Астананың басты көшелерімен жүріп өтіп, «Қазақстан» орталық концерт залына келіп жетті. Содан кейін Қазақстанның Ұлттық құрамасы толық құрамда қызыл кілеммен жүріп өтті, оларға жанкүйерлер мен спорт сүйер қауым қошемет көрсетті.

Айта кетер болсақ, қазақстандық спортшылар барлығы 17 Олимпиада медалін еншіледі: 3 «алтын», 5 «күміс» және 9 «қола». Олимпиаданың басты жүлдегерлері Дмитрий Баландин, Нижат Рахимов және Данияр Елеусінов. Үшеуі де жергілікті атқарушы органдардың тарапынан үй және басқа да сыйлықтарды есептемегенде мемлекет тарапынан 250 мың долларға ие болады.

Бес күміс жүлдені құрама қоржынына дзюдошы Елдос Сметов, зілтемірші Жазира Жаппарқұл, боксшылар Василий Левит, Әділбек Ниязымбетов және палуан Гүзел Манюрова салды.

Қола медальдарды дзюдошы Галбадрах Отгонцэцэг, ауыр атлеттер Фархад Харки, Карина Горичева, Александр Зайчиков; жеңіл атлет Ольга Рыпакова, еркін күрес палуандары Эльмира Сыздықова мен Екатерина Ларионова, сондай-ақ, боксшылар Иван Дычко мен Дариға Шәкімова еншіледі.

2016 жылғы Олимпиада ойындарының қорытындысы бойынша Қазақстан жалпы медальдік есепте 22-ші орынға табан тіреді.

Хабарламаларға жазылу