Ақмола облысы биылғы жартыжылдықтың қорытындысында экономиканың бес бағыты бойынша республикада үздік көрсеткішке қол жеткізді. Табыс тасқынын еселеуде өңір диқандарының да үлесі елеулі болмақ. Егін орағының қазіргі барысы ел қамбасына 5,5 миллион тонна қызыл дән құю жөніндегі рекордты меженің орындалатынына сенім қалыптастырады.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаров «Егемен Қазақстанға» берген сұхбатында 4 миллион 328,7 мың гектар дәнді-дақылдар алқабының 2,2 миллион гектарының дәні жинап алынғанын айтты. Бұл барлық алқаптың 52 пайызын құрайды. Әр гектардың шығымдылығы орташа есеппен 13 центнерден айналуда. Яғни, былтырғы көрсеткіштен 5 центнерге жуық артық. Астық қоймаларына 2,8 миллион тонна ырыздық дәні жеткізілді.
Қазір тәулігіне 200 мың гектардың астығы бастырылуда. Элеваторларға 300 мың тонна астық өткізіліп, 88,3 мың тонна тұқым құйып алынды. Аудандарда күзгі дала жұмыстарын уақытында, сапалы жүргізу үшін барлық шаралар қолданылуда.
Өңірде күзгі ораққа техникаларды дайындау жұмыстары да ойдағыдай жүргізілген. Биылғы науқанға 8445 астық комбайны жұмылдырылған, оның 2658-і кең алымдығы заманауи шетелдік техника. Бұлардың барлығы да егістікке шығарылған. Қолда бар ауылшаруашылық техникасы мен астық орылатын алқаптың көлемін ескеретін болсақ, бір комбайнға науқандық жүктеме 512,6 гектардан келеді.
Егер ауа райы тосын мінез танытпай, жұмыс дұрыс ұйымдастырылып жатса, тәулігіне 170 мың гектар алқаптағы астықты еңсеру арқылы науқанды 20 күннің ішінде толық аяқтауға мүмкіндік бар. Ал, қазіргі көрсеткіш жоғарыда аталғандай, 200 мың гектардан келіп тұр.
Облыста ауылшаруашылық кешендері машина-трактор паркін жаңарту жұмыстарына ерекше назар бөлінген. Бұл бағытта соңғы жылдары облыс шаруашылықтары көктемгі және күзгі науқандық жұмыстарға қажетті 976 комбайн, 1034 трактор және 282 тұқым себу кешенін сатып алғанын алға тартуға болады. Ал, биылғы жылдың 8 айында ғана осындай 151 комбайн, 148 трактор қатарға қосылды.
Мемлекеттің қолдауы нәтижесінде жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселесі де оң шешілуде. Күзгі егін орағын ойдағыдай өткізу үшін 77 мың тонна көлемінде дизель отыны, 4,1 мың тонна дизель майы және 7,4 мың тонна бензин қажет. Бүгінгі таңда қажетті жанар-жағармайдан 61 мың тонна көлемінде дизель отыны дайындалса, дизель майы мен бензин отыны толық қамтамасыз етілген.