ҚР бюджеттік шығындары экономикалық ауытқуларға қарамастан өсіп келеді – Б.Сұлтанов - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ҚР бюджеттік шығындары экономикалық ауытқуларға қарамастан өсіп келеді – Б.Сұлтанов

27.06.2016
ҚР бюджеттік шығындары экономикалық ауытқуларға қарамастан өсіп келеді – Б.Сұлтанов

ҚР бюджеттік шығындары экономикалық ауытқуларға қарамастан, экономиканы қолдай отырып контрциклді түрде өсіп келеді. Бұл туралы бүгін ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов халыққа есеп беру кезінде мәлімдеді.

«Былтыр республикалық бюджет көлемі 7 триллионнан сәл асқан еді, ал, биыл  8,3 триллионға жетті. Осылайша, ҚР мемлекеттік шығындары экономикалық ауытқуларға қарамастан, экономиканы қолдай отырып, контрциклді түрде өсіп келеді»,-деді Бақыт Сұлтанов.

Министр сонымен қатар, былтыр да, биыл да бюджетте бірқатар өзгерістер болғанын айтты.

«Бір жағынан, ішкі конъюнктураның төмендеуін ескеріп, экономиканың өсуіне үлес қоспайтын керегі жоқ шығындарды қысқарту керек еді. Ал, екінші жағынан, әлеуметтік міндеттемелерді сақтау тіпті, көбейту керек болған. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, Ұлттық қор есебінен бюджетке «Нұрлы жол» антикризистік шаралар бағдарламасы қосылды»,-деп атап өтті Б.Сұлтанов.

Министрдің айтуынша, былтыр 7 триллиондық бюджетте ревизия мен қайта қарауға 1 триллионға жуық теңге алынған еді. Оның ішінде 840 миллиард теңге қысқартылып, жаңа шараларға тағы 167 миллиард теңге бағытталған.

«2016 жылы аз уақыт ішінде бюджетті нақтылау шарасы жүргізілді. Наурыз айында антикризистік шаралар пакеті бойынша қаржыландыру басталды. Бұл экономикаға арналған жаңа бағыттар. Бір мезгілде мемлекеттік сатып алулар да тездетілді. Оларды қазір қаржыландыруды күтпей-ақ, алдын ала жариялауға болады. Бюджеттік процедуралар оңтайландырылып, қазынашылықты қолдан басқару енгізілді. Мұның барлығы экономикаға жаңа қаржы құюға ықпал етеді»,-деді министр.

Хабарламаларға жазылу