Қостанайда пайдаланылмаған жер телімдері сот арқылы қайтарылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанайда пайдаланылмаған жер телімдері сот арқылы қайтарылады

22.09.2016
Қостанайда пайдаланылмаған жер телімдері сот арқылы қайтарылады

Облыста Жер пайдалану және қорғау жөніндегі басқарма ауыл шаруашылығы маңызы бар 13 361 гектар жерді кері қайтару үшін істі сотқа берді. Басқарма төрағасы Нұрлан Қатарбеков баспасөз брифингінде оның басты себептерін атады.

Басты себеп – жерді жалға алған азаматтар оған күтіммен қарамайды, алқап қау өсіп бос жатады. Тексеру жалға алушыларға 2012-2014 жылы берілген жерлерге жүргізілген.

Ал, 2016 жылдың 8 айында басқарма жер телімдеріне 228 тексеру жүргізіп, жерге байланысты 152 заң бұзушылықты тіркеген. 92,5 мың гектар жердің бос жатқандығын анықтаған.

Ол бойынша әкімшілік-өндірістік іс қозғалып, 22,6 миллион теңге айып салынды. Сонымен қатар, құрылыс салуға тиісті 2 жер телімі де заңмен кері қайтарылды.

Аудандық әкімдіктің ұсынысы негізінде аудандық мәслихаттар Қазақстан Республикасының «Салықтар мен бюджетке төленетін міндетті төлемдер туралы» кодексінің 386-бабына сәйкес жалға алып, пайдаланбаған ауыл шаруашылығы маңызы бар жерлерге салықты 10 есе көбейткен болатын.

Жер пайдалану және қорғау басқармасы қазірдің өзінде күтусіз қалған 88,9 мың гектарға иелік етіп отырған 44 жалға алушыға қатысты істі мемлекеттік кірістер департаментіне жіберді.

egemen.kz

Хабарламаларға жазылу