Әлеуметтік сипаты басым болып есептелетін туберкулез ауруы жас та, мәртебе де, топ та талғамайтынын әлем дәрігерлері бірауыздан мойындағалы дертке қарсы бірігіп күресуді тиімді санап, емдеу тәсілдерін бірге іздестіріп келеді. Осыдан он жыл бұрын ғана туберкулезге шалдыққандардың саны жағынан посткеңестік елдердің ішінде ең алдыңғы орыннан көрінген Қазақстанда бүгінгі күні 22 000 науқас есепте тұр.
Өкпе дерті Орталық Азия елдері үшін ғана емес, әлем бойынша түйіні толық шешілмеген күрделі мәселе күйінде қалып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) мәліметіне сүйенсек, әлемде жыл сайын құрт ауруына 8,5 млн. адам шалдықса, 1,3 млн. науқас осы дерттен көз жұмады.
Мемлекеттің қолдауымен туберкулезге қарсы шаралар кешенін сапалы жүзеге асырудың нәтижесінде соңғы он жыл ішінде Қазақстандағы сырқаттардың саны 2,2 есеге, ал өлім көрсеткіші 5 есеге азайған. Бір ғана Алматының өзінде соңғы үш жылдың ішінде 19 пайызға кеміген. Бұл деректердің барлығы туберкулезге біріктірілген бақылау жүргізуге байланысты Алматыда өткен халықаралық конференцияда мәлім болды.
Туберкулез дерті бойынша әлемде тіркелген ең беделді ұйымдар мен мекемелердің белді өкілдерінің бәрін Алматыға жинаудағы мақсат біреу – халықаралық, қоғамдық ұйымдармен бірге туберкулездің эпидемиологиялық көрсеткішін әлі де төмендете түсу. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенованың модераторлығымен өткен халықаралық конференцияда, негізінен, Орталық Азия аумағындағы елдерге 2016-2035 жылдарға арналған «Еnd ТB» бағдарламасын сапалы және тиімді жүзеге асыру жолдары талқыланды.
Конференцияға қатысқан халықаралық ұйымдардың беделді мамандарының ортақ пікірі – үкімет тарапынан болсын, халықаралық қоғамдық ұйымдар тарапынан болсын, бөлінген қаржыны тиімді әрі пайдалы бағытта жұмсау қажеттігіне сайды. Қаржы тетігі жүйелі әрі дұрыс басқарылса, туберкулездің себебімен емес, салдарымен күресіп, әр аймақ өзіндік емдеу шаблонын қалыптастырса және бұл мәселеге жан-жақты біріккен күшпен жұмыла кіріссе ғана іс нәтижесін береді.