Нұрсұлтан Назарбаев Жапония Парламентінің Қазақстан Республикасымен достық лигасының төрағасы Такео Кавамурамен және лига мүшелерімен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұрсұлтан Назарбаев Жапония Парламентінің Қазақстан Республикасымен достық лигасының төрағасы Такео Кавамурамен және лига мүшелерімен кездесті

07.11.2016
Нұрсұлтан Назарбаев Жапония Парламентінің Қазақстан Республикасымен достық лигасының төрағасы Такео Кавамурамен және лига мүшелерімен кездесті

Әңгіме барысында Мемлекет басшысы Жапония Парламентінің Қазақстан Республикасымен достық лигасы екі ел халқы арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтуға баға жетпес үлес қосқанын атап өтті.

Қазақстан Президенті елімізге көрсетілген қолдау мен ынтымақтастықты дамыту жолында жұмсалған күш-жігер үшін алғыс айтты.

– Сіздер бізге EXPO-2017 көрмесін өткізу құқығына ие болу жолында және ядролық қарусыздану жұмысын жүргізу барысында зор қолдау көрсеттіңіздер, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы барлық бағыт бойынша Қазақстан мен Жапония ынтымақтастығының жанданып келе жатқанына назар аударды.

– Біз Тәуелсіздіктің 25 жылдығын атап өтудеміз. Бұл онша ұзақ мерзім емес. Алайда, осы уақыт ішінде біз көп жетістікке жеттік деп санаймын. Жапониямен қарым-қатынасты одан әрі дамыту біз үшін маңызды. Біз – Азия елдеріміз, біздің тарихымыз ортақ, – деді Қазақстан Президенті.

Т.Кавамура кездесуге уақыт бөлгені үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысын білдірді.

– Келесі жылы Жапония мен Қазақстан арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толады, сондай-ақ, EXPO көрмесі өтеді. Біз бұл оқиғаларды парламентаралық тәжірибе алмасу ісіне серпін беру үшін пайдалануды көздеп отырмыз,-деді Жапония Парламентінің Қазақстан Республикасымен достық лигасының төрағасы.

Т.Кавамура сондай-ақ, еліміздің 2017-2018 жылдары БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануымен құттықтап, Қазақстан бұл міндетті атқару барысында ядролық қарусыздану мен таратпау ісіне бұдан да зор үлес қоса алатынын айтты.

Осы орайда, Мемлекет басшысы өзінің «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесін жариялағанына және БҰҰ Бас Ассамблеясы сессиясында 2045 жылға қарай ядролық қарудан азат әлем қалыптастыру мақсатына қол жеткізуге шақырғанына тоқталып, осы бастамаларға Жапония тарапының да қолдау көрсететініне сенім білдірді.

akorda.kz

Хабарламаларға жазылу