10-11 желтоқсанда елордада «Астана Балет» театрының салтанатты ашылуы өтеді, оның құрылысы 2015 жылдың мамырында басталған болатын. Нысанның жалпы ауданы 15 467 м² құрайды, құрылыс жұмыстарына 400-ге жуық қазақстандық құрылысшы мен маман тартылған, деп хабарлайды Астана әкімдігінің баспасөз қызметі.
«Бұл - керемет заманауи кешен, мұнда дайындық жасауға, қойылым көрсетуге арналған үлкен залдар, кең және жарық гримдеу бөлмелері, спорт залы және т.б. бар», - дейді театр өкілдері.
«Астана Балет» Қазақ ұлттық хореография академиясының жанында орналасқан. Көрермен залының сыйымдылығы - 783 орын, соның ішінде партер -609 орын, балконның 2-ші ярусы - 104 орын, балконның 3-ші ярусы - 70 орын. Дизайнерлердің ұсынған жобасы бойынша, алтын-қоңыр түсті шымылдық ілініп, орындықтар жауқазын түстес материалмен қапталған, ал еден - қоңыр түсті. Сахнаның ауданы 536 м² құрайды.
Сахнаны трансформациялау үшін қозғалмалы және көтеру-түсіру механикасының ең озық технологиялары пайдаланылды. Сахнада ең күрделі сценографиясы бар қойылымдар қоюға мүмкіндік бар. Театрда екі дайындық залы қарастырылған, олардың ауданы сахнаның ауданымен бірдей, бұл жаңа спектакльдерді қойған кезде өте ыңғайлы.
inform.kz