Ақтөбе Қазақстанның ең дамыған мегаполистерінің бірі болуы тиіс – Елбасы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе Қазақстанның ең дамыған мегаполистерінің бірі болуы тиіс – Елбасы

06.12.2016
Ақтөбе Қазақстанның ең дамыған мегаполистерінің бірі болуы тиіс – Елбасы

Бүгін Жалпыұлттық телекөпір барысында Ақтөбе облысында тұрғын үй құрылысын дамытуға негізделген кәсіпорын іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Үй Құрылысы комбинаты» ЖШС-ның құрылтайшысы Нүркен Тұрбаевтың айтуынша, жаңадан салынған комбинатта германиялық «Wekcenmann» компаниясының үздік жабдықтары орнатылды.

Өндіріске 3 млрд. теңгеге жуық қаржы инвестицияланды. Зауыттан шыққан өнім құрылыстың өзіндік құнын 15-20 пайызға төмендетеді, сондай-ақ, құрылыс мерзімін екі есеге қысқартады. Атап айтқанда, бірінші кезеңде кәсіпорын жылына 50 мың шаршы метр баспананы тұрғызуға мүмкіндік береді.

«Бұл өндірісті іске қосу - өте маңызды. Осы орайда Ақтөбе Қазақстанның ең дамыған мегаполистерінің бірі болуы тиіс. Сондықтан, тұрғын үй құрылысына назар аударылуда және осы бағытқа қаржы бөлініп жатыр. Қаланың жанында жаңа шағын аудан салынып жатыр. Сонымен қатар, бұған дейін ескерткенімдей, біртектес, тартымсыз үйлерді емес, сәулетті әрі әдемі нысандарды салыңыздар. Комбинат жұмысы табысты болуын тілеймін», - деді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев. 

 

Хабарламаларға жазылу