Астана процесінен 320 шетелдік журналист хабар таратады. Бұл туралы бүгін ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«БАҚ өкілдері келіссөздер басында ғана фото және видео түсірілімге жіберіледі. Өйткені, оның негізгі бөлігі жабық режимде өтеді. Өздеріңізбен бірге байқап отырғанымыздай, қазіргі уақытта Астанадағы сирияаралық келіссөздерге (Астана процесі) халықаралық қоғамдастықтың қызығушылығы өте жоғары. Жаһандық қауіпсіздік үшін сириялық дағдарыстың өзектілігін ескерсек, бұл барынша күтілген жайт», - деді ол.
Оның айтуынша, Астана процесінен хабар тарату үшін тіркелген шетелдік және қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері өте көп болды.
«Біз 320 шетелдік және 120 қазақстандық журналисті тіркедік. Олар Ақпарат және коммуникациялар министрлігі «Қазмедиа» ғимаратында арнайы ұйымдастырған баспасөз орталығында жұмыс істейтін болады. Дәл сол жерде кездесудің ашылу рәсімі тікелей көрсетіледі», - деді Василенко.
Сонымен қатар, ол кездесуге қатысушылар тарабынан қорытынды баспасөз мәслихатын өткізуге ұсыныс түскен жағдайда, оның да «Қазмедиа» орталығында ұйымдастырылатындығын атап өтті.
«Қазақстандық тарап ұйымдастырушылық тұрғыдан алып қарағанда, Астанаға келген келіссөздерге қатысушылар мен БАҚ өкілдерінің барынша қауіпсіздігі, жайлы әрі тиімді жұмыс істеуі үшін қажетті барлық шараларды жасауда», - деді Роман Василенко.
Айта кетейік, бұған дейін Астана процесіне қатысушылар елордаға жиналып, келіссөзге дайындалып жатқанын хабарлаған болатынбыз.
inform.kz