Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.
Келіссөз барысында тараптар күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықты дамытудың стратегиялық бағыттарын талқылады.
– Президент ретіндегі Сіздің алғашқы мемлекеттік сапарыңыз Наурыз мейрамымен және елдеріміз арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толған кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Қазақстан Өзбекстан делегациясы сапарының жемісті болуы үшін барлық жағдайды жасауға әзір, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті ширек ғасырлық ынтымақтастығымыз аясында түрлі саладағы 100 келісімге қол қойылғанын, соның ең негізгілері – Мәңгілік достық туралы шарт пен Стратегиялық әріптестік туралы шарт екендігін айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға Өзбекстанның тұңғыш Президенті И.Каримовтың қосқан үлесін ерекше атап өтті.
– Тарихымыздың, тіліміз бен дәстүріміздің ортақтығы, халықтарымыздың көршілестігі қазақ пен өзбектің мәдени-гуманитарлық саладағы өзара тығыз іс-қимылының қалыптасуына алғышарт жасады. Қазақстан мен Өзбекстанда тұратын диаспора өкілдері қарым-қатынасымызға ерекше сипат дарытып отыр. Олар екі ел арасындағы дәнекер болып саналады. Сіздің елмен достық пен ынтымақтастықты нығайтуға негізделген бағытымыз өзгермейді, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Астана мен Ташкент арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты екіжақты қатынастың өзегі деп бағалады. Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылы нарықтық бағаның 9%-ке төмендегеніне қарамастан, елдеріміз арасындағы сауда көлемінің 16%-ке өскеніне тоқталды.
– Бүгінде Қазақстанда өзбек капиталының үлесі бар 800-ге жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Дәл қазір Астанада бизнес-форум өтуде. Оған екі тараптың әрқайсысынан 250 бизнесмен қатысып отыр. Форум қорытындысы бойынша 75 коммерциялық шарттан тұратын құжаттар жиынтығын қабылдау жоспарланған, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы бұған дейін Ш.Мирзиёевпен Самарқандта өткен кездесуден соң өнеркәсіп, бизнес, энергетика, көлік, сондай-ақ ғарыш және туризм салаларындағы екіжақты байланыс айтарлықтай жандана түскенін айтты.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев көлік-транзит саласындағы ынтымақтастықтың жандана түскенін, соның ішінде жүрдек пойызға арналған Астана-Ташкент теміржол қатынасы, жаңа әуе жолы және автобус рейстері іске қосылғанын ерекше атап өтті.
Соңында Мемлекет басшысы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне Өзбекстанның кең ауқымда қатысуы жөнінде шешім қабылдағаны үшін Ш.Мирзиёевке алғыс білдіріп, бұл Өзбекстан Республикасына өзінің зор жетістіктерін бүкіл әлем алдында паш етуіне мүмкіндік беретініне сенім білдірді.