ҚР Президенті бүкілхалықтық талқылауға шығарған Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгеріс енгізуге қатысты ұсыныстар 26 ақпанға дейін қабылданады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметінің таратқан ақпараттық хабарламасында көрсетілген.
«Қазақстан Республикасының азаматтары мен мекемелерінің назарына Мемлекет басшысы бүкілхалықтық талқылауға шығарған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасына қатысты ұсыныстар 2017 жылғы 26 қаңтардан 2017 жылғы 26 ақпанға дейін мына мекенжайда қабылданады: 010000, Астана қаласы, Есіл ауданы, Үкімет үйі, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік құқық бөлімі, электрондық пошта- ap2017@akorda.kz», - делінген хабарламада.
Бұған дейін ресми БАҚ-та Конституцияға өзгерістер енгізу жобасы жарияланды.
Айта кетейік, кеше ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев отандық телеарналар арқылы билік тармақтары арасында өкілеттіктерді бөлу мәселелері жөніндегі үндеуін жария етті. Онда Президенттің әлеуметтік-экономикалық процестерді реттеудегі біршама өкілеттерін Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға беру, Үкіметті жасақтауда Парламенттің рөлін күшейту қарастырылған.