Анар Фазылжанова: Жойылып кеткелі тұрған тілдердің қатарында қазақ тілі мүлдем жоқ, ол тізімге жақын да емес (ВИДЕО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Анар Фазылжанова: Жойылып кеткелі тұрған тілдердің қатарында қазақ тілі мүлдем жоқ, ол тізімге жақын да емес (ВИДЕО)

23.04.2017

Қоғамда қазақ тілінің жойылып кету қаупі турасында пікір бар. Алайда,  А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі институты директорының орынбасары Анар Фазылжанова бұл пікірдің негізсіз екенін айтады.

«Әлемдік тілдер жүйесінде алты мыңнан астам тіл бар. Солардың ішінде 200-і ғана мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілген. Қазақ тілі сол екі жүздіктің ішінде тұр.  Жасыратыны жоқ, жыл сайын бір тіл өледі деген ақпарат бар. Бұл шындыққа жақындау ақпарат. Ондай тілдердің қатарында қазақ тілі мүлдем жоқ, ол тізімге жақын да емес.  

Екіншіден, қазақ тілі – саламатты тіл. Саламатты тіл деген жай сөз емес, бұл лингвистикадағы категория. Яғни, сырқатқа ұшыраған тіл болады, саламатты тіл болады. Сырқатқа ұшыраған тілдерде дәстүр бойынша қалыптасқан сырттан келген әсерлерді игеретін механизмдер болмайды. Қазақ тілінде қай заманда да  сырттың әсерін игеріп алғыштық қасиеттер жоғары болған.

Мысалы, көне парсы сөздері бар. Сақ дәуірі тұсында қазақ тіліне енген сөздер. Оны қазір парсы тілінің кірмесі екенін сіз байқамай қаласыз, ол қазақ тілінің заңдылығына игеріліп алынған сөздер.

Сондықтан, біздің тіл қашанда модернизацияға икемді тіл. Ол біздің халықтың икемділігін, халықтың өміршеңдігін көрсетеді»,-дейді ол.

«1-студия». «Ұлттық сана, ұлттық сипат» (Толық нұсқа)

Хабарламаларға жазылу