Тараздық студент арамшөптермен күресудің тиімді тәсілдерін ойлап тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тараздық студент арамшөптермен күресудің тиімді тәсілдерін ойлап тапты

26.04.2017
Тараздық студент арамшөптермен күресудің тиімді тәсілдерін ойлап тапты

Тараз Мемлекеттік педагогикалық институтының студенті арамшөптермен күресудің тиімді тәсілдерін ойлап тапты. Шолпан Елшібекова зиянкес өсімдіктерді химиялық және биологиялық шаралар арқылы жойып, астық түсімін арттыруды көздеп отыр.

 

Бұл туралы оқу орнының Ақпараттық-имидждік қызметі хабарлады.

 

Жас ғалым зиянкес өсімдіктерді жоюда агротехникалық, биологиялық, химиялық және оттық тәсілдерді қолданбақ. Бұл шара жылыжай мен егістік жерлерді арам шөптерден түбегейлі арылтып қана қоймай, дәнді дақылдардың сабағы мен тамырын тазалауға септеседі.

 

«Қазақстанда арам шөптің 300-ден астам түрі бар. Көптеген зиянкес өсімдіктердің тамырлары топыраққа терең бойлап өседі. Сондықтан, олар терең қабатта жатқан ылғал мен қоректік заттарды жақсы пайдаланады.  Мәселен, 1 грамм тары 250 грамм ылғал жұмсаса, осы астық тұқымдасына жататын қарасұлы сияқты арамшөп 600 грамм ылғалды қажет етеді. Яғни, 2,5 есе көп. Міне, сондықтан да зиянкес өсімдіктермен күресті өрістете беруіміз керек», – деп атап өтті Ш. Елшібекова.

 

Оның айтуынша, жылдық жауын-шашын қорының бестен бір бөлігі арам шөптердің өсіп-өнуіне жұмсалады. Олар қоректік заттарды көп мөлшерде пайдаланғандықтан топырақтың құнарлылығын да төмендетеді.

 

Ғылыми жаңалық оқу орнының зертханалық кешенінде тәжірибеден өтіп жатыр. Алдағы уақытта өндіріске енгізу жағы да қарастырылмақ.

Хабарламаларға жазылу