Берік Әбдіғали: Ауыл гүлденсе, қазақ та гүлденеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Берік Әбдіғали: Ауыл гүлденсе, қазақ та гүлденеді

30.04.2017

«Туған жерге туыңды тік!» тақырыбымен өткен «1 студия» бағдарламасының бүгінгі қонақтары – «Ауыл» партиясының төрағасы, Сенат депутаты Әли Бектаев, Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан, ҚСЗИ директорының кеңесшісі, саясаттанушы Берік Әбдіғали және өлкетанушы Бекболат Төлегенұлы.

Бағдарлама жүргізушісі Берік Уәли «Туған жер» бағдарламасы қандай болуы керек?» деген сауалға байланысты студия қонағы қоғам қайраткері, саясаттанушы Берік Әбдіғалидің пікірін білді.   

Саясаттанушы Берік Әбдіғали:

«Қазақ үшін туған жер - тек ұғым ғана емес, сонымен бірге құндылық. Оған әркім шамасы келгенше, қызмет етуде. Бұл жерде басты мәселе - туған жер емес, қазақ ұлты. Бүгінгі ұлттық рухты жаңғырту үшін тек қана жаһандық, технократиялық құндылықтарға еліктеп емес, ұлттың дамуын өзіміздің дәстүрімізбен, мәдениетімізбен, тарихымызбен соның ішінде туған жерімізбен үйлестіру керек. Бүгінде, өкінішке қарай, қала мен ауылдың арасында рухани жағынан алшақтық байқалады. Соңғы кездері саясаттан байқайтынымыз, технократиялық көзқарастар басым болып кетті. Әсіресе, гуманитарлық салада. Білім саласындағы көптеген реформалар технократиялық тұрғыда жүріп жатыр. Бүгінгі таңда «Туған жер» бағдарламасы өлкетанушылыққа айрықша басымдық беріп отыр. Қазір балаларды оқыту, ел-жердің тарихын білуге, мұқтаж азаматтарға көмектесу бойынша көптеген жерлерден ұсыныстар жиналып жатыр. Соның тұрғысында бағдарлама дайындалатын болады».

Өз кезегінде Маңғыстау өңірінен келген  өлкетанушы Бекболат Төлегенұлы «Туған жер» бағдарламасы өз ұғымында қандай болуы керектігімен бөлісті:

«Бағдарламаның бастауы - өте тамаша идея. Ең бастысы, бұл іс аяғына дейін жүрсе екен деген ниет білдіргім келеді. Ұлттық комиссияның құрылуы да - құптарлық жайт. Комиссияның әр ауданда, әр облыс орталықтарында болғанын қалаймыз., Елбасының туған ел жайлы айтқан сөзінде «цифрлық Қазақстанға» ерекше тоқталған болатын. Бұл - қазіргі заманның талабы. Еліміздің қазынасын болашақ ұрпаққа, қазіргі жастарға жеткізу мақсатында цифрлық технологиялардың дамуын бірінші кезекте қолға алу керек деп ойлаймын. Себебі, бүгінгі таңда негізгі ақпараттық ағым интернет арқылы жүреді. Мәселен, E-history, Қазақстанның тарихымен байланысты порталдардың ашылуы осы жұмыстың алғашқы қадамдары деп ойлаймын».

Ал «Ауыл» партиясының төрағасы, Сенат депутаты Әли Бектаев «Ауыл» партиясы аталған бағдарламаның қабылдануына байланысты жобалар әзірлеп жатқанын және олардың  бәрі Ұлттық комиссия қарауына ұсынылатынын айтып өтті.

«Мәселен, республикалық деңгейде «Туған елге, туған жерге тағзым» атты ірі акция өткізу жөнінде 10 ай бұрын ұсыныс жасадық. Алайда оған өңірлер қолдау білдірмеді. Кей өңірлерде осымен байланысты жұмыстар басталды. «Туған елге тағзымның» негізгі мақсаты да осы. Әр салада қызмет етіп жүрген немесе «әр салада» өмір сүріп жүрген азаматтар туған еліне барып, қолынан келген жақсылығын жасау керек. Туған ел, туған жерге жақсылық жасау ол міндетті түрде мектеп салу, жол салу емес. Бүгінгі таңда туған жер – ауыл тек мектепке немесе жолға ғана емес, сонымен бірге рухани құндылықтарға да зәру».

Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан:

«Қазіргі буын мүлдем басқа буын. Бұл ұрпаққа бір нәрсені түсіндірудің аса қажеттілігін түсінгендіктен, Елбасы осы бағдарламаны айрықша қолға алды. Кейінгі ұрпақ көп нәрсені біле бермейді. Ал, оған түсіндіру үшін кешенді түрде тарихи сананы қалыптастырудың методологиясы қолға алынуы тиіс».

Өз кезегінде саясаттанушы Берік Әбдіғалидің айтуынша, бұл бағдарламаның негізгі нышаны - туған жер, ауыл емес,  қазақ ұлты, қазақ ұлтының сапасы. 

«Соңғы 20 жиырма жыл ішінде қазақ ұлт ретінде өзгерген. Көптеген жастар қазақылықты ұмытып бара жатыр. Қазақтың дәстүрлі қасиеттері ұмытылуда. Ұлттың дамуында ауылсыз ешқайда бара алмаймыз. Ауыл – қазақ ұлтының мәйегі. Ауыл рухани жағынан құлдыраса, қазақ та құлдырайды. Керісінше, ауыл гүлденсе, қазақ та гүлденеді. Сондықтан, бұл өте өзекті мәселе», - деді саясаттанушы.    

 

Хабарламаларға жазылу