Жадыра Сахиева: «ЭКСПО-2017» көрмесіне арнайы топтама дайындап жатырмыз - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жадыра Сахиева: «ЭКСПО-2017» көрмесіне арнайы топтама дайындап жатырмыз

04.05.2017

Бүгін «Таңшолпан» бағдарламасының қонақжай студиясына еліміздің белгілі дизайнері Жадыра Сахиева мейман болды.

«Таңшолпан» жүргізушілерімен болған сұхбат барысында «Жадо» лақап атымен танымал дизайнер тек шығармашылықтағы ғана емес, жеке өміріндегі орын алып жатқан жаңалықтарымен бөлісті.

«Жақында Астана қаласына қоныс аудардым. Алайда, әлі қоныс тойын жасамадық. Бұйырса 1 ай көлемінде атап өтеміз», дейді.

Сонымен қатар, алдағы жоспарлары жөнінде жеткізді.

«Жалпы бізге шет елдерден шақырту жиі келеді. Осы айда Әзірбайжан еліне шақырды. Бірақ, өкінішке қарай, бара алмаймыз. Себебі, қазіргі таңда Астана қаласында балабақша ашу жұмыстарымен жүрміз. Дей тұрғанмен, күз мезгілінде шет мемлекетке сапарға шығу жоспарымызда бар.

Ашылғалы жатқан балабақша балаларды дамыту орталығы болмақ. Онда бүлдіршіндер қолөнерді, тігін тігуді үйренеді. Оқу орны 300 балаға арналған. Қазіргі таңда 200 бала өз кезегін күтуде».
Жадыра Сахиеваның айтуынша, сонымен бірге ол биыл Астанада байқау ұйымдастырмақ. Байқау ән мен биден тұрады. Елорданың талантты да дарынды балалары қатысатын шара тамыз айына жоспарланған.

Сонымен бірге, «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында отандық дизайнерлердің туындылары көрсетілетін көрмеге қызу дайындық үстінде екенін тілге тиек етті.

«Біз қазіргі уақытта арнайы топтама дайындап жатырмыз. Топтама ұлттық киімдерден тұрады. Жалпы 40-50 киім үлгісін әзірлемек ойымыз бар», - деді дизайнер Жадыра Сахиева.

Хабарламаларға жазылу