Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ елін Отан қорғаушылар күнімен құттықтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ елін Отан қорғаушылар күнімен құттықтады

07.05.2017
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ елін Отан қорғаушылар күнімен құттықтады

Бүгін ҚР Қарулы Күштерінің 25 жылдығы мен Жеңіс күніне арналған әскери шеру барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды мерекемен құттықтады.

Армысыздар, айбынды сарбаздар!

Құрметті отандастар, сардарлар мен сарбаздар, ел Тәуелсіздігімен бірге биыл Қарулы Күштеріміздің 25 жылдық мерекесін атап өтіп отырмыз.

Мен ширек ғасыр бұрын Тәуелсіз еліміздің төл армиясын құру туралы дәл бүгінгі күні Жарлыққа қол қойғанмын. Содан бері аз ғана уақыт өтсе де, Қарулы Күштеріміз бес қаруы сай заманауи үлгідегі айбынды армияға айналды.

Сайыпқыран сарбаздарымыз бүгінде ұлы даланың  сенімді қорғаны, азаматтығымыздың алмас алдаспаны. Біз қазіргі заман талаптарына сай келетін әлеуетті әскерімізді жасақтадық. Ел қауіпсіздігінің басты бағыттары айқындалды. Әскери доктринамыз қабылданды. Экономикамыз қарқынды дамыған сайын еліміздің Қарулы Күштері де жетіліп, нығая түсті.

Әскери қауіпсіздігіміз «Қазақстан-2050» деген бағдарламаның басты бағдарларының бірі болып саналады. Жауынгерлеріміз әлемнің әр түкпірінде бітімгершілік миссияларды абыроймен ақтап шықты. Біздің әскеріміз ТМД мемлекеттерінің ішінде алдыңғы қатардағы әскер ретінде  танылды.

Қымбатты отандастар!

Жерінің тұтастығын ойлайтын ел-жұртымыз бейбіт өмірді баянды бақытқа балаған. Біздің тарихымыз өшпес ерліктің жылнамасы, жеңімпаздықтың шежіресі екенін білеміз. Баһадүр бабалардың ізбасарлары бүгін Тәуелсіз Қазақстан әскерінің сапында тұр. «Жауынгерлік тәрбие әскери  киіммен емес, жөргектен басталады», деп батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы айтқан болатын.

Жерінің қауыпсіздігін, елінің тыныштығын қорғау – әр азаматтың қасиетті парызы, абыройлы міндеті болып саналады. Сіздер еліміздің шекарасы берік, шебі бүтін болуы үшін қалтқысыз қызмет етіп келесіздер. Бүгінде қасиетті жеріміз көкте де, жерде де,  суда да, сенімді қорғалатынын біз көре алатын боламыз. Қазақстан армиясының бүгінгі шеруі осының айқын көрінісі болып табылады.

Еске сала кетейік, әскери шеруді «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы тікелей эфирде көрсетуде.

Хабарламаларға жазылу