«Сенбілік таң» бағдарламасы кәсіпқой боксшы, «IBO international» белбеуінің иегері Батыр Жүкенбаевтың отбасында қонақта болды. Ол бағдарламада спорт саласына қалай келгендігімен бөлісіп, отбасы мүшелерімен жақынырақ таныстырды.
«4-5 сынып оқып жүргенімде 2 ай көлемінде күреспен айналыстым. Содан кейін күрес үйірмесі жабылды. Одан кейін ағамның айтуымен боксқа бара бастадым. 2 аптадан кейін Таразға жарысқа барып, 3-ші орын алдым. Бокстағы мансабым осылай басталды. Ал, 2015 жылы Канада елінен кәсіби боксқа ауысу туралы арнайы ұсыныс келді.», - дейді спортшы.
Қазір Батыр Жүкенбаевтың кәсіби бокста жүргеніне 1,5 жыл. Ол осы уақыт аралығында 9 жекпе-жек өткізіп, оның 8-ін нокаутпен аяқтаған.
«Спортта барлығы әділетті деп айтуға болмайтын шығар, әділетсіз болатын жерлері де көп. Ондай сәттер бізге берілген сынақ. Әр қиындықтың артында бір жеңілдік болатынына сенемін», - дейді ол.