Былтыр жылдың соңында ауыл шаруашылығын кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған аса ауқымды бағдарламасы қабылданды. Қазір жер-жерде осы бағдарламаның тиімділігін насихаттау әрі жүзеге асыру жұмыстары жүріп жатыр.
Бүгін «1 Студия» саяси ток-шоуында қонақта болған ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Төлеутай Рақымбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жексенбай Дүйсебаев, қоғам қайраткері, кәсіпкер Мұхтар Тайжан және «Кәсіпкер» шаруа қожалығының иесі Сәбит Сұлтан осы тақырыпты талқыға салды.
Аталмыш бағдарламаның тиімділігіне тоқталған Төлеутай Рақымбеков Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде елімізде ауыл шаруашылығына арналған 9 бағдарлама бар екенін жеткізді.
«Сол тоғыз бағдарламаның 2-еуі мемлекеттік, 7-еуі салалық бағдарлама. Ал, жаңа қабылданған бағдарлама оныншы. Бағдарламаның басты мақсаты – нарықта сұранысы бар, бәсекеге қабілеттілігі жоғары өнім өндіруге жағдай жасау. Бағдарланың негізгі 8 міндетінің ішінде алғашқысы – 500 мың отбасылық және шағын шаруа қожалықтарын кооперативтерге біріктіру. Бұл не үшін?
Ауыл шаруашылығымен айналысып жүрген азаматтардың ең бірінші проблемасы өндірілген өнімді өткізу, нарыққа жеткізу, қайта өңдеу кәсіпорындарына жеткізу. Бағдарламаның ең бірінші міндеті – осы мәселеге жағдай жасау. Бұл бағдарламаның жоғарыда айтып кеткен тоғыз бағдарламадан ерекшелігі осы»,-дейді ол.
Ток-шоу барысында тақырыпқа қатысты ойымен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жексенбай Дүйсебаев та бөлісті.