Бүгіннен бастап Ұлттық арна көрермендерге «Қалампыр» телехикаясын ұсынады. Сейсенбі-бейсенбі аралығында жапон телехикасы күніне екі бөлімнен көрсетіледі. 2011 жылы жарыққа шыққан сериал Жапонияда кең танымал.
Отбасылық-өмірбаяндық кинотуынды 151 бөлімнен тұрады. Ұзақтығы - 15 минут.
Бүгін бағдарламаға қонақ болған Жапонияның Қазақстандағы елшілігінің үшінші хатшысы Марико Цунокаке осы фильмге қатысты, жапон елінің салтына, ұлттық киіміне қатысты және басқа сұрақтарға жауап берді.
«Қазақстанға 2012 жылы келдім. Алдымен Алматыда бір жылдай қызмет еттім. Сол кезден бастап қазақ тілін меңгере бастадым. Басында қиналдым. Себебі, мен орыс тілін де, қазақ тілін де білмедім. Алайда екі-үш айдан кейін үйрене бастадым. Сөйтіп, 10 айдың ішінде қазақ тілін меңгердім.
Телехикаяға қатысты айтарым, бұл кино өмірден алынған. Итоко деген қыз 1913 жылы туып, Жапонияда өмір сүрген. Ол кездері жапондықтар ұлттық киім киетін. Дегенмен, Итоко батыстық киім үлгісіне құмар болды. Сонымен қатар, ол кезде жапон әйелдері жұмысқа шықпай, үйде отыратын. Оны халық дұрыс деп санаған. Бірақ, Итоко мұндайға қарсы болған. Өзі жұмыс істегісі келген. Сөйтіп, ол тігінші ретінде жұмыс істей бастайды.
Басынан қанша қиыншылық көрсе де, ол арманына қол жеткізу үшін күреседі. Қазір сол Итоконың үш қызы Жапонияда танымал дизайнер», - дейді Марико Цунокаке.