Интернетке тәуелділік» деген дерт емге көне ме?
Отбасы мен достарының өтініштерін елемеу, жиі депрессияға түсу, интернетсіз қалған уақытта мазасыздану, интернетте керексіз нәрселерді ақтара отырып, жұмыс берушісіне маңызды көріну, ешқандай хабарлама келмесе де, 15 минут ішінде жеке аккаунтқа бірнеше рет кіріп-шығу. Бұл - ғаламдық желіге «байланған» адамның белгілері.
Ал, физикалық симптомдары: бастың қатты ауыруы, арқаның бүкірейе түсуі, дұрыс тамақтанбау, жеке бас тазалығына немқұрайлы қарау, ұйқының бұзылуы.
Сөйте тұра, жұрт желіде неге мінсіз болуға тырысады?
«Лайкқа тәуелділік, селфимания сияқты дертке адам аяқ астынан шалдығады. Себебі, желі арқылы сүйкімді болу, пікір жинау, мақтанға ие болу адам миындағы ләззат алу тетіктерін оңай қанағаттандырады. Өмірде адам тіпті басқа болуы мүмкін. Бірақ, лайк үшін образ жинайтындар көп. Адам мұнда өзінің жауапкершілігін сезінбейді», - дейді психолог Жанна Әлиақпар.
Желіде танысып, онлайнда «ойдағыдай жүрген» жұптар өмірде кездескенде тіксініп қалатыны да сондықтан.