Абайдың «Толық адам» ілімі оқу үдерісіне енгізіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абайдың «Толық адам» ілімі оқу үдерісіне енгізіледі

09.06.2017
Абайдың «Толық адам» ілімі оқу үдерісіне енгізіледі

Тараз Мемлекеттік педагогикалық институтының оқу үдерісіне Абайдың «Толық адам» ілімін енгізу жоспарланып отыр. Мақсат – ақынның ақыл, адамгершілік, имандылық сияқты адами құндылықтарды арқау еткен әдеби мұралары арқылы жастарды тәрбиелеу.

Ұлы ойшылдың мұрасын зерттеп-зерделеуге сүбелі үлес қосып жүрген көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлының айтуынша, ұлт бойындағы мейірбандылық, жомарттық сияқты ізгі қасиеттерді әспеттейтін хакімнің «Толық адам» ілімі өскелең ұрпақты теріс мінез-құлықтан арылтуға сеп болмақ. Өйткені, қазақ халқының ой-санасының, дүниетанымының шыңы Абайдың шығармаларында жатыр.

«Халқымызда «Бір жылдығын ойлаған бидай егеді, он жылдығын ойлаған тал егеді, мың жылдығын ойлаған ізгілік егеді», деген ғажап сөз бар. Бір қарағанда әңгіме арасында айтыла салатын көп нақылдың бірі ғана сияқты. Бірақ зерттеп-зерделесең, ойы тым тереңде, мағынасы аса бай екені аңғарылады. Бұл ұғымды ата-ана баласына, үлкен кішіге өсиеттеп, ұмытылмай келе жатқанының өзі бабаларымыздың ізгілік дегеннің не екенін біліп қана қоймай, оны адам бойына сіңіру қажеттігін өте ерте танып, жүзеге асырумен айналысқанын айғақтайды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүкіл тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек», деп айтқандай, адымызға «Толық адам» ілімінің даму тарихын, оның Абай іргетасын қалап, ғылыми жүйеге түсірген негіздерін қайта түлетіп, мектеп пен жоғары оқу орындарында оқыту арқылы ұлттық санамызды жаңғырту міндеті қойылды», – дейді абайтанушы ғалым.

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жүзеге асыру мақсатында оқу орнында бірқатар іс-шаралар қолға алынды. Жастарға рухани білім мен тәрбие беруді көздейтін жобаның бірі – «Толық адам» ілімін оқу процесіне ендіру.

Курсты оқытудағы басты міндет – болашақ мамандарды Абай шығармаларымен етене таныстыру арқылы жастардың азаматтық позициясын қалыптастыру.

«Бұл өз кезегінде студенттердің бойында ұлттық сана-сезім мен ұлтжандылық қасиеттерді дамытуға, олардың тарихи және әлеуметтік жадысын шыңдауға, қазақ халқының, тұтас Қазақстан халқының төл мәдениеті мен рухани мұрасын құндылық ретінде бағалауға және бәсекеге қабілетті зияткер тұлғаны қалыптастыруға сеп болмақ», – деді оқу орнының Ақпараттық-имидждік қызметінің жетекшісі Жандар Асан.

Хабарламаларға жазылу