Құрлықтағы 28 мемлекетті біріктірген Еуропалық одақтың Орта Азиямен, оның беделді ойыншысы Қазақстанмен бүгінгі қарым-қатынасы қай деңгейде? Одақтың Орта Азиядағы мәселелерге қомақты қаржы салуының астарында қандай мүдде жатыр? Британиямен ат құйрығын кесіскен соң, одақтың экономикалық халі мүшкіл тарта ма? «ЭКСПО» көрмесіне аталған ұйым қандай жаңалықпен келді?
Осы және өзге де мәселелер «Басты тақырыптың» бүгінгі шығарылымына арқау болды.
Студия қонағы - Еуропалық одақтың Орта Азия бойынша арнайы өкілі Петер Буриан.
Бағдарлама жүргізушісі Мейіржан Әлібекұлының «Еуропалық одаққа мүше мемлекеттер «ЭКСПО» көрмесіне қатыса ма, қатысса қандай жаңа технологияларды, тың жаңалықтарды ұсынады?» деген сауалына студия қонағы одаққа мүше елдердің Астанада өтіп жатқан «ЭКСПО» көрмесінің тақырыбына үлкен қызығушылық танытып отырғанын айтты.
«Менің жетекшілігіммен бірнеше павильонға көптеген жаңа технологиялар әкеле жатыр. Ертең халықаралық ғылыми-технологиялық орталық ұйымдастырылады. Болашақтың энергиясы немесе баламалы энергия саласында Еуропа және еуропалық компаниялар үшін не маңызды? Меніңше, бұл ретте тәжірибе бөлісу және ортақ мәселелерді талқыға салу мүмкіндігі. Еуропалық одақ Қазақстан және басқа да елдерге энергия тиімділігін қалай арттыруға болатындығы жөнінде тәжірибесімен, жаңа технологияларымен бөлісіп, көмектесуге жол ашады. Сонымен қатар, Қазақстанның үшінші жаңғыру мақсатына қол жеткізуге септігін тигізеді деп ойлаймын», - деді Петер Буриан.