«Басты тақырып» бағдарламасының бүгінгі шығарылымының тақырыбы – ертең өтетін Сенат сайлауы.
Бағдарлама қонағы – ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен. Хабар барысында Ләззат Сүлеймен Сенат депутаттарын сайлау маңыздылығын атап өтті.
«Бұл – маңызды саяси науқандардың бірі. Өйткені, Конституцияға сәйкес, 1995 жылдан бастап, елімізде 2 палаталы Парламент жұмыс атқарып келе жатыр. Осы жылдардың ішінде еліміздің беделді азаматтарының көбі Сенат депутаттары болды. Сондай-ақ, Заң шығарушы орган ретінде де, аумақтардың өкілдері ретінде де, халықтың ұлттық татулығына да Сенат өзінің үлкен үлесін қосып келе жатыр. Сонымен қатар, еліміздегі Ұлттық Қауіпсіздік комитеті төрағасы, Жоғарғы сот төрағасы, Орталық сайлау комиссиясының мүшелері, Есеп комитетінің мүшелері сияқты үлкен лауазымдарға тағайындаулар жүргізеді. Сондықтан, ол кадрлық саясатқа да ықпал етіп отырған маңызды саяси орган».
Сонымен қатар, Орталық сайлау комиссиясының мүшесі депутаттыққа үміткерлердің саны, оларды кім сайлайтынына тоқталды.