4-шілдеден басталған Астана күнін тойлау шаралары әлі де жалғасуда. Биыл бас қалаға 19 жыл толды. Осыған байланысты «1 студия» саяси ток-шоуының бүгінгі шығарылымы елорда тақырыбына арналды.
Студия қонақтары - Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев, композитор, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Астана қаласының Құрметті азаматы Төлеген Мұхамеджанов, Астанадағы «Қазақ елі» монументінің авторы, мүсінші Сембіғали Смағұлов, философия ғылымдарының кандидаты Дархан Жазықбаев.
Қазіргі уақытта қала халқының саны 1 миллионнан асты. «Бұл - соңғы жылдары денсаулық сақтау және де басқа да ұйымдардың халыққа көрсетіп отырған қызмет сапасының артып отырғанын көрсетеді.
1 тәулікте Астанада 70-75 сәби дүниеге келеді. Оған ішкі миграциялық толқындарды қоссақ, жылына қалаға басқа өңірлерден 45 мыңнан астам адам қоныс аударады. Орта жас – 75,4. Бұл – бүкіл еліміз бойынша ең жоғары көрсеткіш. Мұның барлығы – соңғы жылдары жасалған жүйелі жұмыстың жемісі», - дейді әкім орынбасары Ермек Аманшаев.
Сондай-ақ, Ермек Аманшаев қаладағы перзентханалар мен ауруханалардың ең жоғары дәрежедегі қондырғылармен жабдықталғанын, онда жоғары дәрежелі мамандардың еңбек ететінін атап өтті. «Елбасы тапсырмасы бойынша, қазір елордада медициналық туризмді дамыту күн тәртібінде тұр. Бұл да - дамудың бір сатысы».
Сонымен қатар, сұхбат барысында балабақшадағы кезек мәселесі бойынша сауал көтерілді.
«Бүгінгі күні қалада 90 мыңнан астам сәби кезекте тұр. Оның ішінде 3 пен 6 жас аралығындағы балалардың балабақшамен қамтылу деңгейі жоғары. Былтыр 44 жекеменшік жаңа балабақша ресми тіркелді. Ұлттық компаниялар биыл жыл соңына дейін үлкен үш балабақшаны тапсырады. Польшалық инвесторлар алты балабақшаның құрылысын бастады. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан салынатын бөбекжайлар саны әр жыл сайын 20-дан асуы тиіс. Осындай жұмыстардың арқасында 2018 жылдардан кейін кезек мәселесінде ірі бетбұрыс болады», - дейді Е.Аманшаев.