«Әйел бақыты». Аселина Батырбекова: Бұрынғы күйеуімді қарғағаныма өкінемін (ВИДЕО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Әйел бақыты». Аселина Батырбекова: Бұрынғы күйеуімді қарғағаныма өкінемін (ВИДЕО)

12.07.2017

Біреуге істелген қиянат та, жақсылық та айналып келеді. Кейіпкерлер неліктен өз іс-әрекетіне өкінеді? Студияға келген Аселина Батырбекова өз оқиғасымен бөлісті.

«17 жасымда бір жігітпен таныстым,  18 жасымда екеуміз отау құрдық. Қызымыз дүниеге келді. Бірақ, көп ұзамай күйеуім 31 желтоқсанда көлік апатынан қайтыс болды. 18 жасымда 2 айлық қызбен жесір қалдым.

Сосын 21 жасымда екінші рет тұрмыс құрдым. Ата-анасы екеуміздің үйленуімізге қарсы болды. Әсіресе, анасы мені жақтырмады. Сол үйдің құлы болсам да жақпадым. Ол күйеуімнен ұл бала таптым. Кейін ауыра бастадым. Біреумен ұрысатын күшім болмады. Ең соңында екі баламды алып, кетіп қалдым. Кетер алдында енем мені ұрды, баламды алып қойып, жібермеді. Сонымен төбелестік. Сол кезде «Баладан зар қалыңдар!» деп қатты, ауыр сөздер айттым. Екі балам шырылдап жатқан соң сондай сөздер айттым.

Уақыт өте ауырдым, қиналдым, шашым түсіп, жағдайым нашар болды. Басында достарым көмек берді. Ақырында ата-анама айтып, қасыма шақырттым. Олар көшіп келді. Үлкен ақша керек болды. Ата-анам үйлерін сатып, Германияда емделдім. Ауруды жеңдім.

2012 жылы құрбыларыммен Грекияға бардым. Ол кезде қызым 8, ұлым 4 жаста. Сол жылы қазіргі үшінші жарыммен таныстым. Күйеуімнің туыстары керемет қабылдады. Баламды да, қызымды да алақандарында ұстайды. Жолдасым дипломат, жұмысы Қазақстанда. Жақында Америкаға кетеміз.

Бірер жылдар өткен соң бұрынғы қайын атам хабарласып, кешірім сұрады. Мен оларды кешіргенмін. Ашу болған соң айтылды. Өмірде бәрі бумеранг екенін білемін. Бұрынғы күйеуімнің өміріне араласпаймын. Менен 1 ғана ұлы бар. Басқа баласы жоқ.

Мен де 4 жылдан бері бала көтере жүрмін. Сол сөзіме әлі де өкінемін. Әрине, бір ұл, бір қыз болғанына шүкір. Күйеуім «Бала жоқ емес, бар» деп жұбатады. Дәрігерлер ЭКО жасауды ұсынды, енді соған дайындаламыз», - дейді Аселина Батырбекова.

Хабарламаларға жазылу