«Айтуға оңай...». Сәуле Бектемірова: Ата-ана балаға мықты тәрбие беруі үшін баласын міндетті түрде қадағалауы керек (ВИДЕО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Айтуға оңай...». Сәуле Бектемірова: Ата-ана балаға мықты тәрбие беруі үшін баласын міндетті түрде қадағалауы керек (ВИДЕО)

14.07.2017

Әлем ғалымдары ұялы телефонның денсаулыққа зиянын әлдеқашан  дәлелдеген. Алайда, оған екінің бірі мән бере бермейді. Қазір ересектер ғана емес, кішкентай балалар да түрлі ойындар мен қызықты видеолар көруге құмар. Ал, мамандар алдағы уақытта сымсыз телефонның кесірінен қатерлі ісікке шалдығатын адамдардың саны арта түсетінін айтып, дабыл қағып отыр.

Ұялы телефон адамның ағзасына, физиологиялық дамуына, жүйке-жүйесіне кері әсерін тигізеді. Осыны біле тұра ата-аналар балалардың қолына планшет, смартфондарды ұстатып қоюды әдетке айналдырған.

Бағдарлама кейіпкері Сәуле Бектемірова филология ғылымдарының кандидаты. Сәуле орта мектептегі балаларына телефон ұстатпайды. Смартфондарға тыйым салып, тежеп отырады. Ұл-қыздарының сабаққа деген ынтасын арттыру үшін жыр-дастандар жаттатып, кітап оқытып, сурет салдырып, шахмат ойнатады.

«Отбасымызда әжеміз, жолдасым, мен және үш баламыз бар. Қазіргі таңда жолдасым мен ортаншы балам Венгрияда тұрып жатыр. Жолдасым оқу бағдарламасы бойынша сонда кеткен.

Өзім қатал, қазақи отбасында дүниеге келдім. Әкем қатал болды. Меніңше, әр қазақтың отбасында осы құндылықтар, қазақы тәрбие жоғалып бара жатқан сияқты. Егер отбасында тәрбие, тәртіп болмаса, балаңа қарамасаң, ертең ол балаға ие бола алмай қаласың.

Жақында Халықаралық дөңгелек үстелде қазақша жақсы сөйлейтін Гиссен университетінің бір профессоры былай деді: «Бес балам бар. Балаларымды қазақтың ер баласы сияқты тәрбиелеймін. Себебі, қазақтың ер адамдары бала тәрбиесіне қалай қарайтынын жақсы білемін».

Сондықтан, ата-ана балаға мықты тәрбие беруі үшін баласын міндетті түрде күнде қадағалауы керек. Мына қоғамда баламен күнде  жұмыс жасап,  бақылау керек», - дейді Сәуле.

Хабарламаларға жазылу