22-28 шілде күндері Астанада XIII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі өтеді.
Фестивальге танымал голливуд жұлдыздары, «Оскар», «Алтын глобус» сыйлықтарының лауреаттары Николас Кейдж, Джон Малкович және Эдриен Броуди қатысады. Сондай-ақ, шетелдік қонақтар қатарында америкалық актриса Бай Лин, фестивальдар қозғалысындағы ірі тұлға, продюсер Марко Мюллер бар.
Орталық Азиядағы ең ірі кинофорум XIII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі ҚР Мәдениет министрлігінің тапсырысы бойынша «Ұлттық кинематография өнері мен ғылымдарының академиясы» қоғамдық бірлестігімен ұйымдастырылуда.
Фестиваль тақырыбы әлемдік деңгейдегі «ЭКСПО-2017» көрмесінің тұжырымдамасымен байланысты «Мәдениеттер көпірі» деп аталмақ.
Шара аясында шетелдік картиналармен бірге қазақстандық және Орталық Азия мен түркітілдес елдердің туындылары ұсынылады.
«Еуразия» ХКФ шеңберінде тұңғыш рет ТМД, Шығыс (Қытай, Үндістан, Оңтүстік Корея) және Батыс (Еуропа, Америка) елдерінен келген фильм сатушылары мен сатып алушылары қатысатын «Eurasia Film Market» кинонарығы өтеді. Дәстүрлі «Eurasia Spotlight» іскерлік алаңы киножобалар питчингтерін, дөңгелек үстелдер, баспасөз конференцияларын, шеберлік кластарын және арнайы шараларды ұсынады.
«Еуразия» кинофестивалін өткізудегі басты мақсат - қазақстандық киноөндірісті дамыту, кино өнеріне деген қоғамдағы кең қызығушылықты арттыру, сонымен қатар, Азия және Еуропа елдерінің жемісті ынтымақтастығына қолайлы жағдай жасау.