Қазақстан неге Конституциялық кеңес жолын таңдады? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан неге Конституциялық кеңес жолын таңдады?

30.08.2017

Бүгін – ҚР Конституциясына 22 жыл. Осыған орай «Басты тақырыпта» қонақта – Конституциялық кеңес мүшесі Үнзила Шапақ.

- Қоғам болған соң әр алуан пікір айтылады. Елге, ұлтқа жаны ашып, жүрегі ауыратындардың көпшілігі «бізге мемлекеттік идеология керек», дейді. Сол мемлекеттік идеологияның негіздері біздің Ата заңымызда қаншалықты көрініс тапқан?

- Өздеріңіз жақсы білесіздер, Ата заңымыз 1995 жылы жалпы бүкілхалықтық дауыс беру арқылы қабылданды. Ата заңның алғы сөзінде мемлекетіміздің алдына қойған мақсаты, халқымыздың тілегі нақты көрсетілген. Сонымен қатар, азаматтардың мүддесін осы заңда тоғыстырып жазған.

- Қазақстан азаттық алғаннан кейін қабылданған заңдардан дәл қазіргі қолданыстағы Ата заңымыздың айбары, жаңашылдығы, артықшылығы неде?

- Заң қуатты болуы үшін ол басқа заңдардан үстем болуы керек. Қазіргі қолданыстағы Ата заңымыз құқық жүйесінің ең үстем заңы болып табылады. Иерархия бойынша ең жоғарғы сатыда тұрады.

- Көп елдерде конституциялық соттар жұмыс істейді. Ал, бізде - Конституциялық кеңес. Неге біз дәл сол жолды таңдадық?

- Бұл жағдайда тарихи оқиғаларға ерекше назар аудара кетуіміз керек. 1993 жылғы Конституция бойынша Қазақстанда конституциялық сот құрылды. Бірақ, екі жыл жұмыс істеген Конституциямыздың әлеуеті біз қалаған қоғамды басқаруға толық мүмкіндік бермеді. Сондықтан, жаңа заң қабылдау шешімі қабылданды. Соның бір тұсы - Конституциялық сот толық жұмыс істеуге дайын емес екендігін көрсетті. Ал, кейін келе, Конституциялық кеңес Конституциялық сотқа ауысуы мүмкін. Бұл - қоғамның еншісінде. Жалпы, Конституциялық соттың бір ерекшелігі - егер жеке тұлға Жоғарғы соттың шешімімен келіспеген жағдайда, ол Конституциялық сотқа жүгіне алады. Ал, біздің жағдайда Конституциялық кеңес қазіргі таңда қоғамның қажеттілігін толық қанағаттандырып отыр. Заңдардың бір-бірімен балансты жұмыс жасау мүмкіндігін тудырып тұр.

- Биыл қаңтарда мемлекеттік басқаруды жетілдіретін реформа қоғамның талқысына ұсынылды. Яғни, билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлуге байланысты Конституцияға бірқатар өзгерістер енді. Бұл реформа елге, жерге не береді?

- Жалпы, Конституцияға өзгерістер, толықтырулар, түзетулер енгізу, Конституцияны модернизациялау, жаңа новеллалар кіргізу деген ұғым - өте көп талқыланып жүрген мәселелердің бірі. Қоғамның дамуына байланысты, әлеуметтік, экономикалық, мәдени-саяси жағдай өзгерген тұста қоғам өзі талап ете бастайды. Міне, соның нәтижесінде Конституцияға өзгеріс енгізу шарты туындайды. Ал, ағымдағы жылдың 10-наурызында Конституцияға енгізілген өзгертулер мен толықтырулар туралы заңға тоқталар болсақ, ол тек біздің ғана елімізде талқыланған жоқ, талқыға қоғамның әр түрлі әлеуметтік топтары, сонымен бірге, шетел сарапшылары да қатысты.

 

Толық нұсқа

Хабарламаларға жазылу