Дәурен Абаев: Биыл 39 телехикаяны жарыққа шығару жоспарланған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дәурен Абаев: Биыл 39 телехикаяны жарыққа шығару жоспарланған

31.08.2017
Дәурен Абаев: Биыл 39 телехикаяны жарыққа шығару жоспарланған

29 тамыз күні Алматы қаласы мен Алматы облысында пресс-тур өткен болатын. Ақпараттық пресс-турға ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев қатысты.

«Ағымдағы жылы министрліктің мұрындық болуымен түрлі тақырып пен жанрлық бағыттағы 39 телехикаяны жарыққа шығару жоспарланған»,-деді министр.

Пресс-тур барысында журналистер «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» телехикаясы және «Qazaqstan» корпорациясының жаңа жобасы, Ұлттық арнаның тапсырысы бойынша түсіріліп жатқан – экстремалды спорттық-танымдық «24 сағат табиғат құшағында» реалити шоуымен танысты.

«Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» телехикаясы қазақ халқының салт-дәстүрі, наным-сенімі, тұрмыс-тіршілігі турасында баяндайды. Жобада сол заманның дәстүріне тән әуендер де көрсетілген (бақсы сарыны, бәдік, тойбастар, сыңсу, жар-жар, айтыс, қоштасу, естірту, көңіл айту, жоқтау және т.б.).

Телехикая түсірілімі Алматы обысы, Ассы үстірті, Еңбекшіқазақ ауданы және алматы қаласында өтті. Фильмнің бас продюсері – Баян Мақсатқызы, сценарий авторы – Аннас Бағдат. Басты рөлдерді Гүлзада Тұрлаш, Ержан Мұқатаев, Бақтияр Қожа, Жақсыбек Құрманбеков, Марат Абай-Ділда сомдаған. Алты бөлімнен тұратын туындының тұсаукесері телеарнаның жаңа маусымына жоспарланған.

Ал, «24 сағат табиғат құшағында» жобасының жүргізушісі – театр және кино актеры, сахналық қозғалыс, сахналық ұрыс оқытушысы Нұржан Сәдібеков. Бағдарлама жүргізушісі жоба кейіпкерімен бірге еліміздің 14 аймағының біріне аттанып, 24 сағатты табиғат құшағында ешбір коммуникация құралынсыз, өркениеттен ада ортада өткізеді. Жоба эфирге 2 қыркүйекте шығады деп жоспарланған.

Айта керейік, Дәурен Абаев аталмыш жобаға қызығушылық танытып, алдағы түсірілімдердің біріне қатысуға қарсы емес екенін білдірді. 

Хабарламаларға жазылу