«Таңшолпан». Алмас Кішкенбаев: Жыл сайын концерт беруді қаламаймын (ВИДЕО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Таңшолпан». Алмас Кішкенбаев: Жыл сайын концерт беруді қаламаймын (ВИДЕО)

06.09.2017

Әнші Алмас Кішкенбаев студия қонағы болып, өмірдегі және өнердегі жаңалықтарымен бөлісті.

«Қазір 2 қызым бар. Екеуін балабақшаға апарып, студияға келдім. Қатал әке емеспін, балаларға ұрыспаймын. Анасы маған қарағанда қаталдау. Өз басым балаға қатты сөйлеп, ұрысуға қарсымын.

Өнерге келетін болсақ, осы айдың аяғына дейін жаңа бейнебаян түсіріледі. Одан кейін «Аялдамада» әні шығып, ол әнге бейнебаян түсіріледі. Олардың тұсаукесері Ұлттық арнада өтеді.

Сондай-ақ, Қазақконцерт ұжымында эстрадалық бөлімнің қадағалаушысы ретінде жұмыс жасаймын. Жеке бизнеске қатысты, Астана қаласында мейрамханам болды. Алайда өнеріме уақыт жетпеген соң, мейрамхананы саттым.

Жыл сайын концерт беруді қаламаймын. Себебі әр кешке жақсылап дайындалу керек. Келесі жылы сахнада жүргенімнің 15 жылдығына орай концерт өтеді. Қазір біз сол кешке дайындалып жатырмыз. Ол кеш тек жанды дауыста және Астана қаласының филармониялық оркестрінің қолдауымен өтеді», - дейді әнші.

Хабарламаларға жазылу