«Қамшы» ақпараттық агенттігінің жетекшісі Біләл Қуаныш латын әліпбиіне қатысты «Басты тақырыпқа» сұхбат берді.
- Кириллицадан латыншаға ауысу қазақ халқына қай жағынан қайырлы?
- Бұл – әлемдік көш, жақсы үдеріс. Ең озық тәжірибеге, жарқын болашаққа ұмтылған мемлекеттер компьютер мен интернеттің тілін латын қаріптерімен байланыстырып жүр. Осы тұрғыда біз әлемдік көштен қалып қоймауымыз керек. Латыншаға ауысу - ертеңгі ұрпақ үшін қажетті қадам және оны бүгін қабылдап жатсақ, кеш қалмағанымыз.
- Халық латын әліпбиіне көшуге әзір ме?
- Латын әліпбиіне ауысу 25 жылдан бері қозғалып келе жатқан мәселе болғандықтан, халық одан хабардар. Соңғы кездері ағылшын тілінің ықпалының артуына байланысты жастардың латын қарпінде жазу тәжірибелері кездеседі. Сондықтан, бүкіл халықтың көңілінен шығып, бүгін басталса, ертең көшеміз деген жұрт жоқ шығар, дегенмен, ертеңін ойлайтын адамдар Тәуелсіздіктің басынан айтылып келе жатқан мәселеге сәл де болса дайындалды деп ойлаймын.
- Жұмыс тобы бір әріп – бір дыбыс, бір әріп – екі дыбыс және бір дыбыс принципін ұсынды. Кейін 25 таңбалы әліпбиге қосымша 8 диграфты қосты. Бірақ, бұл нұсқаға қатысты қоғамда сан түрлі сыни пікірлер айтылып жатыр. Осы нұсқадағы әріптер қаншалықты зердеге қонымды?
- Бұл - А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты мен Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамыту орталығы ұсынған нұсқа. Еліміздің маңдайалды ғалымдары топтасқан жұмыс тобы біршама уақыт зерттеді, бірнеше нұсқаны қарастырды. Түрлі пікірлердің айтылатын сөзсіз. Ұсынған адамдардың айтуынша, сингармонизм заңдылығын сақтай отырып жасалған. Менің білетін ерекшелігім, жаңа әліпби ұялы телефон мен компьютердің клавиатурасында бар 26 әріптен құралған. Бұл – таңба, дыбыспен шатастыруға болмайды. Тәжірибеден өте келе, кейбір таңбаларға өзгеріс болуы мүмкін. Дегенмен, алғашқы нұсқа ұсынылмай, жұрттың арасында қайнамай, жемісін бермейді.