«Қамшы» ақпараттық агенттігінің жетекшісі Біләл Қуаныш латын әліпбиіне қатысты «Басты тақырыпқа» сұхбат берді.
- Конвертер деген не? Ол не үшін? Қалай жұмыс істейді?
- «Attila group» компаниясы «Qamshy.kz» порталының жанынан ашылған. Ол жерде мықты бағдарламашылар жұмыс істейді. «Бүгінгі мемлекеттің осы қадамына біз қандай үлес қоса аламыз?» деп ойладық. Бір таңбадан екінші бір таңбаға ауысқан кезде конвертер жүйесі керек болады.
- Конвертердің артықшылықтарын түсіндіріп берсеңіз...
- Жұрт «бұл кеше, бүгін жасалған дүние» деп ойлауы мүмкін. Конвертер ең алдымен шетел қазақтарына қажет болды. Осыдан 10 жыл бұрын басталған жұмыс. Бүгінгі латын әліпбиінің нұсқасына бейімдеп, Qazlatin.kz сайтын іске қостық. Бұл - әлі сынақ нұсқа. Дей тұрғанмен, мұны конвертер жүйесімен 10 жылдан артық уақыт айналысып келе жатқан мамандар жасауда. Оның ең басты артықшылығы – егер сайтқа кірсеңіз, өзіңізге қажет тілді, өзіңізге керекті әліпбиді таңдайсыз. Мысалы, мәтінді кириллден латынға ауыстыруға болады. Бұл конвертерді кез келген бағдарламалық жүйелерде, телефондарда пайдалануға болады.
- Конвертер арқылы жаңа әліпбидегі мәлімет, мағлұматтарды оқу қиындық тудырмай ма?
- Ешқандай қиындық тудырмайды деп айтуға болады. Жаңа латын әліпбиінің емле заңдылықтары жасалмағандықтан, қазіргі таңда кездесіп отырған кішігірім кедергілер – осы. Ең бастысы, бұл - тәжірибеден өткен жоба.
- Конвертер жүйесі қашан іске қосылады және қанша нұсқамен жасалуы мүмкін?
- Осы жерде өте маңызды мәселе бар. Бірыңғай әліпбидің конвертері де бірыңғай стандартты болуы керек. Өйткені, әр түрлі әуесқой немесе қандай да бір мүдделі топтар конвертердің әр түрін жасаса, халық оны таңдай алмай қалады. Осылайша, мемлекеттің жасап отырған жұмысына түрлі пікірлер айтылып, қайшылықтар пайда болуы мүмкін. Сондықтан, мемлекет тарапынан бір стандартты әліпби қабылданса, оның конвертеріне де бір стандартты жүйе ұсынылады.