Біздің қоғамда жалақыға жарымаса да, түңілмей қамкөңіл жандарға қарайласатын кеңжүректі мамандар бар. Олар – әлеуметтік қызметкерлер. Үнемі жалғызілікті қарияларға, мүгедек, мүмкіндігі шектеулі жандарға, жүйке жүйесі сыр берген сырқаттарға көмек көрсетеді. Яғни, сауапқа ұмтылған сабырлы жандар. Ертең елордада алғаш рет халықаралық деңгейде әлеуметтік қызметкерлердің форумы өтеді. Қандай түйткілдер талқыланады? Қызметкерлерді нендей мәселелер алаңдатады? Бұл - бүгінгі басты тақырып.
Студия қонағы - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова.
- Әлеуметтік қызметкер деген мамандық әлем елдерінде әлдеқашаннан бар. Біздің қоғамға бұл ұғым соңғы онжылдықта ғана ене бастады. Әлеуметтік қызметкерлерге елдің сұранысы қалай?
- Барлық салалардағы әлеуметтік қызметкерлерді есептейтін болсақ, елімізде 28 мыңнан астам әлеуметтік қызметкерлер жұмыс істеп жатыр. Жалпы, әлеуметтік салада әлеуметтік қызметкерлер бұрыннан болғанымен, денсаулық сақтау, білім салаларына соңғы 10 жылда келе бастады. Ал, деніне қарайтын болсақ, бүгінгі таңда әлеуметтік қызметке ентелеп жатқан - жастар. Жалпы, олардың ең негізгі қызметі – қиын жағдайға түскен азаматтарға көмек көрсету.
- Бізде әлеуметтік қызметкерлер жеткілікті ме?
- Бүгінгі таңда Қазақстанда 2 миллионнан аса зейнеткер бар. 600 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Денсаулық саласында бұрынғы жұқпалы аурулардың орнын басқа инфекциялық аурулар басып келе жатыр. Сондай ауруға шалдыққан азаматтардың да саны біршама. Сондықтан, осы азаматтардың барлығы әлеуметтік қызметке мұқтаж. Сұраныс көбеймесе, азаймайды.
- Ертең Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ұйымдастыруымен үлкен форум өтеді. Аталған форумда нақты қандай мәселелер талқыланады?
- Ертең өтетін әлеуметтік қызметкерлер форумы Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен 600-ден аса әлеуметтік қызметкерлер келеді және жаһандық эксперттер де бар. Біз әлеуметтік қызмет саласындағы жаңғыртуымыздың үшінші кезеңін бастамақпыз. Алдыңғы 2 кезеңі 2009 жылдан бастап атқарылып келді.
- Елдегі әлеуметтік қызметкерлер біліктіліктерін арттыра ма?
- Әлеуметтік қызметкерлер біліктіліктерін білім ордаларында арттырады. Біздің министрліктің өзінің орталықтары да бар. Денсаулық сақтау саласында жұмыс істейтін азаматтардың өз орталықтары бар. Сондықтан, біліктілікті арттыру мәселесі жолға қойылған деп айтуға болады. Бірақ, мәселен, әлеуметтік саладағы психолог, педагог және тағы да басқа мамандарды жеке-жеке даярлап жатырмыз. Ал, қоғам басқа мамандарды сұрап отыр. Яғни, қиын жағдайға тап болған азаматтардың сұранысын бағалай алатын, оларға күтім жасай алатын жаңа формациядағы әлеуметтік қызметкерлерді талап етеді. Сондықтан, ертеңгі форумда «жаңа формациядағы әлеуметтік қызметкерлерді қалай және қайда даярлау керек, олар үшін қандай стандарттар жасау керек?» деген сиқяты үлкен мәселелер көтеріледі.