Солтүстік пен Орталық Қазақстанға қашан газ келеді? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Солтүстік пен Орталық Қазақстанға қашан газ келеді?

23.09.2017

Тонналап үйілген көмірді жылу қазандықтарында жағып кеп жібергенде тағы бір мәселе туындайды. Ол - экология. Кейде адам түгілі таза ауа бөлуі тиіс талдардың өзі тұншығып, тұмылдырық сұрап тұрғандай көрінеді. Экологтар «Қазір адамзат баласы тек бүгінімен өмір сүріп жатыр» деп дабыл қағады. Әлемдегі ең лас қалалардың тізімі жаңартылып жарияланды.

Бірінші орында Қытайдың Линьфэнь қаласы. Ол жерде 3 миллион адам түтінге тұншығып жатыр. Сансыз көмір шахталарындағы тәулік бойы бір тынбайтын жұмыстардың салдарынан жергілікті жұрттың бәрі дерлік онкологиялық ауруларға шалдыққан. Ең көп таралғаны - өкпенің қатерлі ісігі. Ол жақта жуылған ақ матаны көшеге іліп қойсаң, кеуіп үлгерместен қайтадан кір болып қалады екен.

 

Екінші орында Қытайдың Тяньцзинь қаласы. Ондағы ауыр металдарды өндіретін шахталар 140 000 тұрғынның өмірін тас-талқан етуде. Соңғы зерттеулер бұл қаланың ауасындағы қорғасынның мөлшері әдеттегіден 8,5 есеге көп екенін көрсетті. Соның салдарынан Тяньцзиньдегі аяғы ауыр келіншектер мерзімінен 2-3 ай бұрын босанады, ал, орта жастағы адамдардың есте сақтау қабілеті  жоғалуда.

 

Үшінші орында Үндістанның Сукинда қаласы. Мұнда хром бастаған бірнеше ауыр металдардың өндірісі қызып тұр, қазір қауіпті 30 миллион тонна қалдық ашық аспан астында жатыр екен. Соның салдарынан Сукиндадағы 2,6 миллион адам қатерлі ісікке шалдыққан. Бізге де қамданбасақ болмайды. «Өйткені, мамандар ауамызды көмір жағатын жылу электр станциялары әбден ластады», деп дабыл қағып отыр. Астанада бір қыста жылу электр станциясы 30 мың вагон көмір жағады екен. Астанаға көгілдір отын қашан келеді? Қазір Үкіметтің қарауына Қызылорданың газын Астанаға жеткізуді көздейтін «Сарыарқа» атты мегажоба жіберілді. Оны жүзеге асыру үшін әуелі Жезқазғанға, одан Қарағандыға, одан Астанаға дейін жалпы, 1800 шақырымдай құбыр тарту керек екен. 

 

Толық нұсқа

Хабарламаларға жазылу