Бүгін «Qazaqstan»  Ұлттық арнасынан көрермендерге «Үміткер» реалити-шоуы жол тартады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін «Qazaqstan»  Ұлттық арнасынан көрермендерге «Үміткер» реалити-шоуы жол тартады

24.09.2017

Бүгін 24-қыркүйекте «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасынан көрермендерге «Үміткер» жаңа реалити-шоуы жол тартады. Бағдарлама жүргізушісі - белгілі қазақстандық кәсіпкер Қуаныш Шонбай. 

Аталмыш жоба жастар арасында қалыптасқан тамыр-таныссыз және қолдаусыз жеке, табысты кәсіп ашу мүмкін емес деген ұғымның қате екенін жеткізеді.

Айта кетсек, «Үміткер» - отандық телевизиядағы бизнес саласына арналған алғашқы ауқымды бірегей жоба. Осы жобаға қатысу үшін 10 мыңнан астам үміткер өтініш білдіріп, олардың ішінен телевизиялық кастингке тек 100 адам шақырту алды. Қатысушылардың айтуынша, бұл - өз қабілетіңді сынау үшін үлкен мүмкіндік. Жоба жеңімпазы Қуаныш Шонбайдың компаниялар желісінен жалақысы жоғары топ-менеджерлік қызметке ие болып қана қоймай, 5 миллион теңге көлемінде сыйақы алатын болады.

Жоба барысында Қуаныш Шонбай кәсіп ашу мен дамыту жолында қандай тәсілдер қолдану керектігін көрсетіп, жеке тәжірибесімен бөлісетін болады. Басты мақсат – бизнес әлемінде жетістікке ұмтылған азаматтарды ынталандыру. Үміткерлерді бизнеc саласындағы кәсіби мамандар, сарапшылар мен кеңесшілер бағалайтын болады.

Көрермендерге тек шоу емес, пайдалы ақпарат ұсынатын жаңа жобаны бүгін 18:05-те Ұлттық арнадан тамашалай аласыздар.

Хабарламаларға жазылу