«Astana Media Week» апталығы аясында қандай шаралар өтеді? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Astana Media Week» апталығы аясында қандай шаралар өтеді?

27.09.2017

4-6 қазан күндері Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің қолдауымен Астанадағы «Қазмедиа орталығында» «Astana Media Week» қазақстандық медиа апталық өтеді. Бұл отандық медиаиндустрия тарихында алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Бүгінгі «Басты тақырыпта» апталық туралы талқыланды.

Студия қонағы - «Қазмедиа орталығы» PR және маркетинг бөлімінің басшысы Айбол Арғынғазинов.

- Бұл алаң кімдерге арналған? Көздеген мақсаты қандай?

- «Astana Media Week» қазақстандық ақпарат нарығында алғаш рет өткізіліп отыр. Еліміздің Ақпарат және коммуникациялар министрлігі «Қазмедиа орталығымен» бірлесе отырып, әлемдік тәжірибені зерделей келе, осындай үлкен коммуникациялық платформаның қажеттігі жайлы шешімге келді. Бұл платформа отандық журналистиканың әр саласында еңбек етіп жүрген кәсіби мамандар мен кәсібилікке ұмтылып жүрген жастарға, сондай-ақ, Қазақстанның жақын шетелдердегі серіктес медиа корпорацияларына арналып, елімізде алғаш рет өткізілгелі отыр.

- Шараға тек отандық медиа нарықтың өкілдері ғана келе ме?

- Аталған шараға Қазақстаннан бөлек, Орта Азия аймағынан барлық ақпарат саласындағы мемлекеттік органдардың өкілдеріне, олардың ірі телерадиокорпорацияларына Ақпарат және коммуникациялар министрлігі тарапынан шақыру жіберілді.  

- Осы медиа апталыққа медиа алпауыттардың бірінші басшылары ғана ма қатыса ма, әлде қарапайым тілшілер де қатыса ала ма?

- Қатысушылар бойынша ешқандай шектеу жоқ. Qazmedia.kz/amw сайты 4-қыркүйектен бастап іске қосылды. Осы сайтта тіркелген кез келген адам медиа апталыққа қатыса алады. Кіру тегін.

-  «Astana Media Week» аясында нақты қандай бағдарламалар жоспарланған?

-  Шара биыл 3 күнге созылады. Бірінші күні  «Контент маркет» деп аталады. Яғни, мемлекеттік және жекеменшік телеарналар мен телеөндіріске тікелей қатысатын продакшн компаниялардың арасындағы сұхбат платформасы деп атауға болады. Бұл жердегі басты мақсат – отандық нарықты ілгерілету. Оның ішінде отандық нарықтың Орталық Азияға шығу мүмкіндігін кеңейту болып табылады. Екінші күнге «Astana Digital Forum» атты ірі форум жоспарланған. Бұл форумның шеңберінде электрондық баспасөздің өзекті мәселелері талқыланады. Шараға Google, Yandex, Youtube секілді әлемдік медиа нарықтағы алпауыттардың өкілдері спикер ретінде шақыртылған. Сондай-ақ, алыс және таяу шетелдерден медиа саласындағы білікті мамандар мен Қазақстандағы медиа сарапшылардың да пікір алмасуы жоспарланып отыр. Ал, соңғы күні аймақтық БАҚ-тардың форумы өтеді.

- Отандық медиа нарықтың қандай беделді өкілдері келеді?

- Іс-шараның басты ерекшелігі ретінде медиа апталықтың алғашқы күні Media Talks форматындағы шараның өткізілуі көзделіп отыр. Оған Михаил Дорофеев, Ләйлә Сұлтанқызы, Серік Ақышев секілді Қазақстандағы медиа саласының белгілі мамандары қатысады, Сонымен бірге, Венгрияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті Елшісі Андраш Барани де шеберлік сыныбын өткізуге ынта танытып отыр.

- Электрондық сауда, криптовалюта секілді мәселелер талқыға салына ма?

- Әлбетте. Форумның екінші күні электрондық сауда, криптовалюта, олардың қазіргі таңда орны қандай, Қазақстан нарығында қандай деңгейде қалыптасып жатыр деген секілді мәселелердің барлығы талқыланады.

 

Толық нұсқа

Хабарламаларға жазылу