Бүгін Астана қаласында Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің қолдауымен «Қазмедиа орталығы» xалықаралық медиа-xабының аумағында 2017 жылғы 4-6 қазан аралығында болатын «Astana Media Week» бірінші қазақстандық медиа апталығы өтіп жатыр.
Алғаш рет ұйымдастырылып отырған бұл медиапталықтың ашылу салтанатында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев қатысып, бұл басқосу Қазақстанда ғана емес, аймақтағы ортақ медиа нарықты қалыптастыруға және одан әрi дамытуға негiз болады деген сеніммен сөз сөйлеп, жиынның тұсауын кесті. Сондай-ақ, бүгінгі жиынға арнайы келген шетелдiк әрiптестерiмiзге алғысын айтты.
«Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен iргесi қаланған «Қазмедиа» орталығы алдағы уақытта аймақтағы ықпалды медиахаб ретiнде үлкен рөл атқармақ. Astana Media Week осы орталық аясындағы бiрегей медиаға айналады деп сенемiз. Тұтастай алғанда бүгiнгi шараның басты мақсаты - отандық медиа нарықты дамыту ғана емес, мәдени және ақпараттық байланыстарды да тереңдету. Бiрнеше күнге созылатын жиында осы саладағы соңғы өзгерiстер мен цифрлық технологияларды дамыту, өңiрлiк БАҚ-тың мәселелерi талқыланады. Осының барлығы қатысушылар үшiн озық тәжiрибемен танысып, шеберлiгiн шыңдауға, жаңа технологияларды ел игiлiгiне жаратуға берiлген үлкен мүмкiндiк», - деді Дәурен Абаев.
Іс–шара барысында 2000 қонақ келеді деп күтілуде, оның ішінде Қазақстаннан бөлек 8 Орталық Азия мемлекетінің ақпарат саласындағы мемлекеттік органның басшылары, сол елдің ірі ақпараттық медиа корпорациялары, телерадиокорпорация өкілдері қатысады. Қазақстанның және шетелдің медиа индустриясының 60 топ-менеджері, 100-ден аса продакшн-компаниялар жылдың ең өзекті тақырыптарын талқылап, жаңа медиамаусымның жаңалықтарын жария етуге жиналған.
Телевизия, электрондық бұқаралық ақпарат, баспа бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің басын қосуды көздеп отырған апталықтың бірінші күні «Контент-маркет» деп аталады. Онда ұлттық телеарналардан бастап, шағын жекеменшік телеарналарға дейін арнайы ұйымдастырылатын көрмеге қатысып, продакшн компаниялар мен телеарналардың арасында тікелей сұхбат алаңы жасалды. Отандық телеарналардың мэтрлері телеөндіріс, кино өндіріс, шоу-бизнес, радио журналистикасы сынды салаларға қатысты шеберлік сабақтарын өткізіп, тәжірибелерімен бөлісуде. Мұнан бөлек, MediaTalks алаңы ұйымдастырылды.
Екінші күні «Astana Digital Forum» форумы өтеді. Онда электрондық интернет-басылымдардың жай-күйі талқыға түсіп, қазіргі күннің өзекті тенденциялары электрондық сауда, криптовалютаға көшу сынды өзекті мәселелер көтеріледі.
Ал, үшінші күні «Өңірлік БАҚ» форумы өтіп, баспасөздің жай-күйі, өзекті мәселелері, оларды сақтап қалу, аймақтық деңгейдегі мәселелерді көтеру, БАҚ саласындағы заңнамалар, өзгерістер, журналистика әдебі проблемалары қозғалады. Сонымен қатар осы іс-шараның аясында Қазақстан баспасөз клубының ұйымдастыруымен «PR күні» өтеді.
Қазмедиа орталығында өтіп жатқан «Astana Media Week» медиаапталығы төңірегінде Ұлттық арнаның «Таңшолпан» бағдарламасына арнайы қонаққа келіп, сұхбат берген «Қазмедиа орталығы» PR және маркетинг бөлімінің басшысы Айбол Арынғазиев: «Болашақта «Astana Media Week» жобасы дәстүрлі түрде өтетін болады. «Қазмедиа орталығы» ашылғанан бастап Азия -Тынық мұхиты аймағы телерадио хабарлар тарату одағының мүшесі саналады. Бұл одақтың құрамында 150- ден астам ел бар. Ол тек қана Азия аймағын ғана емес, сонымен қатар Еуропа елдерін де қамтиды. Біз алдағы уақытта жоғарда аталған одақпен бірлеісіп, «Astana Media Week» тәжірибе алмасу алаңының форматы мен географиясын кеңейтуді көздеп отырмыз. Сонымен бірге, 2018 жылы «Media – 2020» бағытындағы үлкен конференцияны, радиоконференцияны, Азиялық радио ән байқауын өткізуді жоспарлап отырмыз»,-деді.