Әлемдегі 7,5 миллиард адамның 3,5 миллиарды көгенделген қозыдай күнұзаққа ғаламторға телміріп отырады екен. Ол аз десеңіз, «әр секунд сайын 8 адам қандай да бір әлеуметтік желіге тіркеледі» дейді сарапшылар. Әлемжелінің әлегі қазір жұмыр басты пендені желіде жұдырықтастырып қойды. Тап бір жеті атасының құны кеткендей бірін-бірі балағаттап жатады, өзін зор, өзгені қор қылып көрсетуге тырысады. Сыртынан қарап тұрсаң сау адамның қылығы емес әйтеуір.
Расында әлеуметтік желімен әлек болғандардың бәрі ақылды, онысымен қоймай өзгелерді ақымақ қылуға тырысатындары бар. Мәселен, балалар дауасы жоқ дертке душар болды немесе мына күні ақырзаман болады екен деп желіде желдей есетін хабарлама тарату сәнге айналды бүгінде.
Мәселен, атақты ағылшын астрономы Патрик Мур: «2015 жылдың 4 қаңтарында жердің тартылыс күші әлсірейді, сол кезде бәріміз көкте қалықтап жүретін боламыз» деп ақпарат таратты. Естіп есі шыққан ел, 4 қаңтар күні үйлеріне қамалып кислородты маскалармен ғана демалып отырған. Ақырында бұл қарт астрономның қалжыңы екені анықталды.
Ал 1962 жылы Швецияның беделді телеарнасы ақ-қара түсте ғана көрсететін ескі теледидарларды нейлон колготкиімен орап тастаса, бейнесі түрлі түстіге ауысады деп ақпарат таратты. Ел дүрлікті, бірақ бұл да телеарнаның жұрт назарын өзіне аударту үшін жасаған жалған ақпараты болып шықты.
Фейк, яки өтірік ақпараттар тек осы қалпында қалса шүкір дейсің ғой, соңғы кезде желідегі жалғандық саяси мақсаттарда да қолданылатын болды. Дәлелі міне, өткен жылы әлеуметтік желілерді фотосурет кезіп кетті, бейкүнә бала Сириядағы қарулы қақтығыста қаза тапқан ата-анасының зиратында түнеп жүр деп жұрт шулады. Сирия билігі өз тағын сақтау үшін ересектер тұрмақ балаларды да аямайды деген жазбалар шықты осы суретпен бірге. Анығында бұл фотосурет Сауд Арабиясындағы Джидда қаласынан 100 шақырым қашықта орналасқан Янбу аль Бахр елді мекенінде түсірілген, Сирияға үш қайнаса сорпасы қосылмайтыны белгілі болды. Авторы Абдул Азиз аль-Отейби бұл фотоны түсіргендегі мақсаты: «ата-ананың махаббатын ешкімнің алмастыра алмайтынын» көрсету болғанын айтты. Ал фотосуреттегі әке-шешесі тірі қарапайым ойын баласы екенін ескертті. Анау, зираттарда әшейін жиналған тастар деді фотограф.
2015 жылы Непалдағы жер сілкінісінен кейін ғаламторға «4 жасар бала 2 жастағы қарындасын қорғап отыр» деген жазбасы бар фото шықты. Бұларға көмектесемін дегендер қаражат аударсын деп арнайы шотта ашылды. Бірақ бұл да өзгелердің оңай ақша таппақ болған құйтырқы әрекеті екен. Шындығында бұл фотосурет 2007 жылы Вьетнамда түсірілген болып шықты. Фото авторы На Сон Нгуен: «елдің сенгіштігіне таң қаламын» деген еді кейін.
Ал біздің елдегі фейк ақпарат таратушылар нені көздейді және әлеуметтік желідегі небір бейәдеп сөздер жазып өзін блогер санайтын сайқымазақтардың мақсаты қандай? Нұрбек Бекбау айтады...